Футбол: «Астана» соңғы минуттарда «Ордабасыдан» жеңісті жұлып алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ел біріншілігінің ХVІ турында «Астана» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана Арена» стадионында өткен аса тартысты ойын жанкүйерлерге голдың көптігімен керемет қуаныш сыйлады.
Шымкенттіктер бірінші болып есеп ашты. 7-минутта Марин Аничич шабуылшы Иван Нагаевты шалып жығып, 11 метрлік нүктеден сенегалдық жартылай қорғаушы Абдуллай Диакате мүлт кеткен жоқ.
Өткен турда «Ақжайықтың» қақпасына жеңіс голын соққан өзбекстандық И.Нагаев бұл жолы бірден ойынға кіріскенімен, көп ұзамай жарақат алып қалды. Оның орнына грузиялық Джаба Джигаури шықты.
Бірінші таймда Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Еркебұлан Тұңғышбаев Ненад Эричпен жекедара шығып, керемет мүмкіндігін пайдалана алмады. Оның соққысын қорғаушы Евгений Постников қайтарып үлгерді. Есеп 2:0 болғанда, ойынның қалай өрбитіні белгісіз еді.
34-минутта оң қанаттан берілген пастан кейін Роман Муртазаев есепті теңестірді. Арада екі минут өтер-өтпесте шымкенттік қорғаушының қателігінен кейін ол қос голдың авторы атанды. Тайм соңында Дмитрий Шомко қос бірдей ойыншыны алдап өтіп, тамаша гол соғып, есепті 3:1-ге жеткізді.
Екінші таймда 54-минутта «Ордабасыдан» аргентиналық Факундо Бертольо баспен қақпаны дәл көздеді.
Бұрын «Қайратты» жаттықтырған, жуырда шымкенттік команданың тізгінін ұстаған грузиялық маман Кахабер Цхададзе тыңнан ресейлік шабуылшы Никита Бочаровты қосты. Бұл әдіс өз жемісін беріп, 82-минутта Н.Бочаров таразы басын теңестірді - 3:3.
Тартысқа толы бәсеке тең аяқталатындай көрінген. Дегенмен «Астананы» жаттықтырғанына көп бола қоймаған украиналық маман Роман Григорчук та жеңіс үшін барын салып, Алексей Щеткинді шығарды. 91-минутта А.Щеткин мергендік танытса, екі минуттан кейін сербиялық Джордже Деспотович есепті 5:3-ке жеткізді.
Осылайша бұл ұтыстан кейін елордалықтар 46 ұпай жинап, «Қайраттан» біршама ұзап кетті. Алматылықтардың 35 ұпайы болғанымен, олар үш кездесуді кем өткізді.
Айта кетейік, ертең «Ертіс» - «Жетісу», «Қайсар» - «Қайрат», «Ақжайық» - «Тобыл», «Ақтөбе» - «Шахтер», «Атырау» - «Қызылжар» ойындары өтеді.