Футбол: «Атырау» қатарынан үшінші мәрте жеңілді
«Атырау» биылғы доп додасында қатарынан үшінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты. Бұл жолы «Ақтөбе» командасына 1:3 есебімен есе жіберді. Ойынның 33-минутында алаң иелері сапынан Рафаэль Оспанов есеп ашқан еді. Одан кейін ақтөбелік клуб қатарынан Максим Федин 45, Эрвейн Мукам 73, Рифат Нұрмұғамет 82-минуттарда мергендік танытты.
Ақтаудың «Каспийі» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуын» 2:0 есебімен сүріндірді. Осылайша ақтаулық футболшылар біріншіліктегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Олардың қатарынан Уаджи Сали 12-минутта пенальтиден, Руслан Мингазов 82-минутта гол соқты.
Бүгінгі ойындарды Түркістанда жергілікті «Тұран» мен Қызылорданың «Қайсар» командалары түйіндеді. Алаң иелері қатарынан 90-минутта Темірлан Ерланов есеп ашса, оған арада бір минут өткенде «Қайсар» ойыншысы Арман Кеңесов бір голмен жауап қайырды. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.
Үшінші турдағы қалған кездесу 5 наурызда өткізіледі. Бұл күні 15.00-де Петропавлда «Қызылжар» мен Қарағандының «Шахтер» командалары кездеседі. Одан кейін 17.00-де Шымкентте «Ордабасы» мен Оралдың «Ақжайық», Алматыда «Қайрат» пен «Тараз» командалары жасыл алаңға шығады.