Футбол: Бүгін ел біріншілігі қайта жалғасады
Қазақстандық командалар 4 және 5 сәуір күндері үшінші тур ойындарын өткізеді.
Аталған турдың алғашқы күнінде елорда уақытымен 16.00-де өз алаңында «Атырау» «Ақтөбені», Ақтаудың «Каспийі» Талдықорғанның «Жетісуын» қабылдайды. Ал 18.00-де Түркістанда жергілікті «Тұран» Қызылорданың «Қайсарымен» шеберлік байқасады.
5 сәуірдегі ойындар 15.00-де Петропавлда «Қызылжар» мен Қарағандының «Шахтер» командалары кездесуімен басталады. Одан кейін 17.00-де Шымкентте «Ордабасы» мен Оралдың «Ақжайық», Алматыда «Қайрат» пен «Тараз» командалары жасыл алаңға шығады.
Аталған турды 19.00-де Қостанайда «Тобыл» мен елордалық «Астана» клубтары қорытындылайды.
Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық командалар ұлттық құраманың іріктеу сатысындағы ойындарына байланысты аздаған үзіліс алған болатын.
Алғашқы екі турдан кейін көш басында алты ұпаймен «Қайрат» командасы келеді. Одан кейінгі орындағы «Астана» мен «Тобылдың» еншісінде төрт-төрт ұпайдан бар.