ФУТБОЛ: «Барыс» - чемпион

АЛМАТЫ. ҚаАқпарат - Алматы облыстық №1 балалар үйінің командасы Футболдан жетім балалар арасында өткен «Арманыңа жақында» атты ІІ Республикалық чемпионаттың жеңімпазы атанды.

ФУТБОЛ: «Барыс» - чемпион

Алматы қаласындағы Орталық стадионның қосымша алаңында өткен финалда Алматыдағы «Алматы облыстық балалар үйінің» «Барыс» командасы Жамбыл облысының Меркі қаласындағы Савва атындағы мектеп-интернаттың «Сұңқар» командасымен кездесті. Аса тартысты өткен матчта «Барыс» командасы қарсыластарын 5:1 есебімен жеңіп, чемпионаттың кубогын еншіледі.

«Енді олар алдағы тамыз айында Италияның Милан қаласына жол тартады. Жеті күнге созылатын саяхат барысында балалар, Милан қаласын аралайды, мұражайларда болады, демалады. Және аты әлемге әйгілі «МИЛАН» футбол клубының ойыншылары Кака және Балотеллимен кездеседі» - деді өз сөзінде Бауыржан қайырымдылық қорының негізін қалаушы, «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Жұлдыз Омарбекова.

«Турнирді ұйымдастыру идеясы осыдан үш бұрын туындады. Бір күні қордың қызметкерлері, барлығымыз жаңалықтар қарап отырған едік, Ресейде футболдан осындай турнирдің өтіп жатқандығын көрдік. «Болашақ бүгіннен басталады» - деп аталады екен. Сондағы балалардың қуанышты сәттері бізге қатты әсер етті. Неге біздің балаларды осылайша қуантпасқа? Неге біздің жетім балалар шет елге бармайды? - деген ойға келдік. Содан тәуекелге бел буып, іске кірістік. Бір жыл бойы дайындалдық. Сабылып демеушілер іздедік. Сөйтіп былтыр алғашқы турнирді өткіздік. Онда Ақмола облысының Есіл қаласындағы балалар үйінің командасы жеңіске жетті. Демеушілердің арқасында олар бір аптаға Испанияның Барселона қаласына барып, демалып қайтты» - дейді Жұлдыз Омарбекова

Бүгінгі турнирде бірінші, екінші және үшінші орын алған командаларға естелік дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

«Барыс» командасының футболшысы Амангелді Хұсайынов чемпионаттың үздік ойыншысы атанды.

Айта кетейік, «Армаңына жақында» турнирі - бұл жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар арасында футболдан өтетін республикалық чемпионат. Бұл жобаның жеңімпаздары халықаралық деңгейде ойын көрсетіп жүрген әлемдік футбол клубтарының тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болады. Өткен жылы чемпион атанған Ақмола облысындағы «Есіл балалар үйінің» тәрбиеленушілері Барселонаға сапар шеккен болатын.

Чемпионатқа балалар үйлерінің 11 мен 14 жас аралығындағы түлектері қатысады. Биылғы жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20 команда бақ сынады, финалдық кезеңге өз аймағында үздік атанған 8 команда жолдама алды. Алматы қаласында өткен жарыс төрт күнге созылды.

Бауыржан қайырымдылық қоры осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырған бұл турнирге "Нұр Отан" ХДП, ҚР БҒМ бала құқығын қорғау комитеті, Қазақстан Футбол федерациясы, "ZHERSU" корпорациясы, «ПетроКазахстан», «Capital Partners» және басқа да компаниялар қолдау көрсетті.