Футбол базары: Бэйл «Реалға» бара ма?

АСТАНА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат -  Немістердің Bild ақпараттық агенттігі дортмундтық «Боруссияның» шабуылшысы  Роберт Левандовски жазғы ауысым барысында «Манчестер Юнайтед» клубына ауысып келеді деген хабар таратты. Роберт үшін «қызыл сойқандар» 22 миллион еуро беруге әзір екендігін де жеткізген, деп хабарлайды «Аламан» агенттігінен.

Футбол базары: Бэйл «Реалға» бара ма?

Левандовски «Манчестер Юнайтед» клубымен бес жылдық келісімшартқа отырмақ. «Боруссиямен» арадағы келісімнің де шегі жеткендігін мәлімдеген. Ол енді өзінің бұрыңғы әріптесі Синдзи Кагавамен қайта тізе қосып ойнамақ. Еске сала кетейік Левандовскиді «Боруссия» 2010 жылы «Лех» командасынан 4,5 миллион еуроға сатып алған болатын.

«Фенербахче» футбол клубының бас бапкері Айкют Коджаман жаңа ауысым барысында ағылшынның базарынан сауда жүргізбек. Осыған дейін «ақсүйектердің» сапындағы Мирослав Стох пен Раул Мейрелешті өз құрамына қосқандығын жақсы білеміз. Ендігі бапкердің нысанасына іліккен ойыншы ол «Челси» сапындағы Марко Марин болып отыр.
«Немістердің Мессиі» деген лақап атқа ие болған Марин «Челси» сапында Ағылышын Премьер лигасының ойындарында тек 2 мәрте алаңға шыққан. Марин үшін түріктердің командасы 7 миллион еуро беретіндіктерін жеткізген. Ал «Челси» бұл ойыншы үшін 9 миллион еуро сұрап отыр. Түріктер жартылай қорғаушыны уақытша болсын алуға дайын екендіктерін хабарлаған.

«Сырты бүтін, іші түтін» болып жатқан корольдік клуб та жаңа ойыншымен командасын толықтырмақ. «Реал» ағылшындық «Тоттенхэм» футбол клубымен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Marca басылымы хабарлады. Мадридтік клуб тіпті әзірден келісімге келген деседі. Келісімнің басты қаһарманы Гарет Бэйл болып отыр. «Тоттенхэм» болса Бэйлді сатып алушыларға қымбат баға ұсынса да басқасы теріс айналса да «Реал» алуға дайын. Алғашқы келісілген сома 50-60 миллион фунттың айналасы.
The Daily Mail-дың берген ақпаратына сүйенсек «Арсенал» футбол клубы «Манчестр Юнайтед» қатарындағы Луиш Наниді сатып алуға ниетті. «Қызыл сойқандар» болса Наниді 20 миллион еуроға босатуға әзір. Бұл баға әзірге «Арсеналды» қатты ойландыру үстінде.

Фалькао «Гранадаға» ауысты деген ақпар тарап кетті. Жанкүйерлер «есі дұрыс адам «Гранадада» ойнай ма? «Реал», «Барселона» тұрғанда»-деп талқыға салып жатыр. Осы турасында «Атлетико» футбол клубының шабуылшысы Радамель Фалькао баспасөз ақпарат құралдарына арнайы сұхбат берді. Әзірге «Челси» және де «Манчестер Ситидің» ұсыныстарынан бас тартқандығын оған қоса «Атлетико» клубының президенті Энрике Серезоның клубта қалу үшін барлық шараларды істеп жатқандығын мәлімдеген. Ең бастысы Фалькао осы маусымды толықтай «Ателтико» сапында өткізетіндігін жеткізген.

«Арсенал» футбол клубының мақтанышы, мәртебесін асырып, абыройын тасытқан ойыншы болса ол Анри. Арсен Венгердің сүйікті шәкірті Анри қазірде «Арсенал» сапында жаттығу өткізіп жүр деген ақпарат тарады. Осы тұрасында Венгер бапкердің өзі Анриді уақытша «Арсенал» сапына алатын боламын. Анри бұған лайық деп мәлімдеген. Тіпті жақсы ойын көрсетіп жатса «Арсеналдың» құрамында футболдық жолын аяқтайтын болады дегені де бар.