Футбол базары: Сымақов пен Лория Қайратқа ауысты

АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - Еуропа жасыл алаңдарында қазір жазғы үзіліс кезеңі. Осы уақытта клуб ауыстырып үлгерген ойыншылар мен ауыстыруы ықтимал футболшылардың есімдерін «Аламан» ұсынып отыр.

Футбол базары: Сымақов пен Лория Қайратқа ауысты

«Аңыз ойыншылардың айқасы»- осыған дейін де болған, аладоптың шеберлері аман болса әлі талай көретін боламыз. Әсіресе «Реал» жылда қарттардың басын қосып, әр клубтың аңыздарымен доп тебеді. «Реалдың» қарттары әзірге жеңілген жоқ. Биыл «корольдік клубтың» аңыздары «Ювентустің» қарттарымен жолықты. Бір қызығы «Ювентуста» жүріп «алтын допты» алған, «Реалда» бақытты шағын өткізген Зидан үшін бұл ең әсерлі кездесу болды. «Алтын допты» алған алғашқы мұсылман Зидан екі клубтың сапында ойнады. Жастық жалыны келіп, екінші тынысы ашылғандай. Алғашқы минуттардан бастап «Реал» сапында ойнады. 74 минутта «Реал» сапындағы Сантильянаға алаңдағы орнын босатып, «корольдік клубтың» жейдесін шешіп, 77 минутта көзәйнекті аңыз Давидстің орнына шығып «Ювентус» клубының намысын қорғады. Кешегі «Реал» командасының үздіктері Фигу,Карлостар «Ювентустың қатарындағы Недвед, Давидс сынды кіл мықтылардың ойынын тамашалаған жұртшылықтың қатары көп болды.
«РЕАЛ» (Испания) - «ЮВЕНТУС» (Италия) 2:1 (1:0).
Голдар: Фигу 6 (1:0), Монтеро 62 (1:1), Иван Перес 67 (2:1).

«Реал» командасының құрамы:Буйо (Иллгнер 29), Чендо (Веласко 29; Рохас 55), Роберто Карлос (Сабидо 71), Йерро (Бутрагеньо 66), Редондо (Мартин Васкес 71), Зидан (Сантильяна 74), Фигу (Иван Перес 66), Эльгера (Павон 27), Амависка (Каннаваро 40), Морьентес (Карамбе 40), Санс (Дани 40).

«Ювентус» командасының құрамы: Таккони (Перуцци 40), Торричелли (Тудор 48), Феррара, Каннаваро (Порини 40), Монтеро, Биринделли (Массимо Мауро), Салихамиджич (Югович 17, Джанниккеда 40), Пауло Соуза (Миркович 48), Давидс (Зидан 77), Недвед, Раванелли (Аморузо 33).

«Монако» клубынан күнделікті бір жаңалық. Үздіктерге көзін сүзіп қарап жүрген команда басшылықтарының нысанасына енді Криштиану Роналду ілікті. Ресей қожайыны Дмитрий Рыбаловлев клубқа молынан қаржы құю үстінде. Роналдуға ұсыныс тастады. Жалақысы 23 миллион еуро болады. Ал «корольдік клубта» Роналду 20 миллион еуро алып жүр.

«Реал» клубы шабуылшы қарастырып жатыр. Әуелі Кавани. Егерде «Наполи» командасының басшылығымен ортақ келісімге келмесе, онда мюнхендік «Баварияның» шабуылшысы Марио Гоместі қатарға қосуды көздеп отыр.

«Ливерпуль» клубы «Севилья» командасының жас ойыншысы Луис Альбертоға ұсыныс тастады. «Қызылдар» Альберто үшін 5 миллион фунт бере алады. Ал «Севилья» командасының басшылығы 8 миллион сұрап отыр.

Стефан Әл-Шаарави биылғы ауысым барысында ешқай клубқа ауыспайды. Бұл туралы «Милан» командасының вице-президенті Адриано Галлиани мәлімдеді. «Манчестер Сити» Әл-Шаарави үшін барын бермек. Бірақ Шаарави келесі ауысым барысында ауыспаса, әзір ауыса қоймайды.

«ПСЖ» командасының қазіргі таңдағы бапкері Карло Анчелотти ғайыптан-тайып «Реал» клубының тұтқасын ұстай қалған жағдайда «ПСЖ» командасына жаңа бапкер қажет болады. Оны франциялық клубтың басшылығы қазірден-ақ қолға алған сыңайлы. Олар голландиялық Гус Хиддинкпен келісімге келіп көрмек.

«Реал» командасының соңғы ойындарында негізгі қақпашының қызметін атқарған Диего Лопес клубта қалатын болды. Икер Касильястың ауыр жарақатына байланысты көп кездесулерде негізгі құрамда алаңға шығып жүрді. Ал Касильяс қатарға қосылса, Лопес қосалқы қақпашы болады. Осыған дейін қосалқы қақпашы болып келген Антонио Адан командамен қош айтыспақ. Клубтан кету туралы Адан өзі өтініш білдірген.

«Боруссия» клубының нәтижелі шабуылшысы Роберт Левандовски ешқай клубқа бармайды, тіпті «Баварияға да». Бұл туралы «Боруссия» клубының президенті өзі мәлімет таратты. Оның айтуынша Левандовски «Боруссияда» әлі талай уақыт ойнайды.

Гонсало Игуаин «Ювентус» клубының ойыншысы болып қалуы бек мүмкін. «Ақ-қара жолақтылардың» директоры Маротта жақын күндері келісімге келетіндері жайлы да айтып қалды. Аргентиналық шабуылшы «корольдік клбуқа» жаңа бапкер келісімен кетеді деген ақпаратты жарияланып үлгерді.

Футбол базарындағы ең ірі тұтынушылардың бірі - «Наполи» клубы. Неапольдіктердің басқа клубтардан қалыс қалғысы келмейді. Рафаэль Бенитес баптайтын командаға қорғаушы қажет. Керек кезінде гол салып, дер кезінде пас беріп, тас қамал қорғаныс орната білетін қорғаушыны тапқан секілді. Ұсыныс тастады. «Валенсияның» қорғаушысы Әділ Рамимен келіссөз жүргізіп жатыр. Рамиге берілген сома 12,5 миллион еуро.

«Ордабасы» футбол клубының негізгі ойыншыларының бірі Артем Касьянов клубтан ешқайда кетпейтін болды. Команданың бас бапкері В.Пасульконың айтуынша, «Касьянов керек ойыншы, команданы премьер-лигада сақтап қалу үшін Касьянов сияқты футболшылар қажет».

Жозе Моуринью «Челси» командасының тізгінін ұстай сала, алысқа көз тастап, керек ойыншыларды қарастырып, команданы жаңартпақ. Моуриньюдің керек деп тапқан ойыншыларының бірі - «Шальке» клубының футболшысы Юлиан Дракслер. 19 жастағы ойыншыдан үміт күткен Моуринью қаржыны да аяп қалмаған сияқты. Дракслердің алғашқы сомасы 45 миллион еуро. Бірақ бұл «Челси» үшін үйреніп қалған сома.

«Галатасарайдың» «Қызыл сойқандар» қатарындағы Наниді қатарына қосып алу үшін болған алғашқы қадамы сәтсіз аяқталды. 7 миллион еуроны азсынған «Манчестер Юнайтед» ойынды ұйымдастырушы футболшы үшін 10 миллион сұрап отыр. Енді «Галатасарай» клубының басшылығы бас тартты. Бұл бір қызық жағдай болды.

«Арсенал» бос агент етіп қалдырған ресейлік Андрей Аршавинді қатарына қосып алушылардың қатары бар. Бұрынғы клубы «Зенит» бірінші болып қадам жасады. Қазірде Аршавинді өзінің сапында ойнату үшін келіссөздер жүріп жатыр.

«Селтик» клубының жартылай қорғаушысы Виктор Ваньяма жергілікті бір телеарналарға берген сұхбатында: «ағылшын алаңында ойнағым келеді. Биіктен көрінуді қалаймын»,-депті. 21 жастағы ойыншы үшін қазірде ағылшындық клубтардан қызығушылық бар.

«Ливерпуль» клубы «Наполиге» қорғаушы Мартин Шкртелді беруге асығар емес. «Наполи» «Ливерпуль» клубына Шкртел үшін 15 миллион еуро ұсынған болатын. Бірақ «қызылдар» бұл қаржыға иланар емес.

Алматының «Қайрат» командасы Самат Сымақов және Давид Лорияны өз қатарларына алды. Клуб 11 маусым күні Алматыда ойыншылармен ресми келісім-шартқа қол қояды.