Футбол: Беларусь құрамасының шабуылшысы «Ақжайыққа» алынды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Беларусь құрамасының шабуылшысы Антон Сорока премьер-лигада өнер көрсететін «Ақжайыққа» алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, ойыншымен келісімшартқа қол қойылды.
Бұдан бұрын 29 жастағы футболшы Ресей премьер-лигасында «Рубин» (Қазан), сондай-ақ белоруссиялық БАТЭ, «Городея», «Неман» және бельгиялық «Спортинг Локерен» клубында доп тепті.
«Ақжайық» сонымен қатар грузиялық шабуылшы Лука Имнадземен келісімшартты ұзартты. Өткен жылдың шілдесінде оралдықтар сапына қосылған ол команда құрамында 13 матч өткізіп, екі голдың авторы атанды.
Қазіргі кезде Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан оралдық клуб 5 ақпан күні босниялық «Вележбен» жолдастық кездесу өткізіп, тартысты матчта 2:3 есебімен есе жіберді. Бұл ойында «Ақжайықтан» Артур Газданов пен Сергей Шустиков мергендік танытты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын екі шетелдік ойыншының «Ақжайықтың» қатарын толықтырғанын жазған болатынбыз.