Футбол: Бірінші лига алғашқы айналымды қорытындылады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан бірінші лига командалары ХІІІ турдың ойындарын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бірінші айналымның соңғы турында Оралдың «Ақжайығы» П.Атоян атындағы стадионда Алматының «Қайрат-Жастарын» қабылдады.
Бұл матч Артур Авакянц жаттықтыратын батысқазақстандықтарға оңайға түскен жоқ. Оның үстіне оралдықтар өз қақпасына бірінші болып гол өткізіп алды. Дегенмен намысқа тырысқан алаң иелері Орал футболының түлегі Владимир Покатилов пен украиналық легионер Сергей Басовтың соққан голдары арқасында жеңіске жетті - 2:1.
Осы турда көш бастаушы командалардың қай-қайсысы да сүрінген жоқ, қайта қарсыластарын ірі есеппен тізе бүктірді. «Алтай» сырт алаңда «Қыранды» 4:1 есебімен қапы қалдырса, «Каспий» де «Екібастұзды» қиналмай ұтты - 4:1. «Қызылжар» Петропавлда «Академия Оңтүстік» командасына еш мүмкіндік қалдырмады - 5:0.
Осылайша премьер-лига жолдамасы үшін таласатын командалар белгілі болып қалды. Өткен турда өз алаңында негізгі қарсыласы «Қызылжардан» ұтылып, биылғы маусымда алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татса да, «Алтай» 32 ұпаймен турнир кестесінде жекедара көш бастап келеді. «Қызылжар» 28 ұпаймен екінші, «Каспий» (27 ұпай) үшінші, «Ақжайық» (25 ұпай) төртінші орында тұр. Одан кейінгі сатыдағы «Академия Оңтүстік», «Қайрат-Жастар», «Байқоңыр» командаларының олармен тайталаса қоюы қиындау. Дегенмен бұл екінші айналымда бәсекелестік бәсеңдейді деген сөз емес. Мамандар соңғы жылдары бірінші лиганың деңгейі көтерілгенін айтып жүр. Демек, не бел, не белбеу кететін тартысты матчтар алда.
Екінші айналым ойындары біраз үзілістен кейін, 27 шілде күні басталады.