Футбол: бірінші лигада «Алтай» клубы жекедара көш бастап келеді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан бірінші лига командалары арасында тоғызыншы турдың орталық матчы Оралда өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
П.Атоян атындағы стадионда премьер-лигаға шығудан үміткер «Ақжайық» пен «Каспий» (Ақтау) командалары күш сынасты.
Қос клуб үшін аса маңызды ойында бірінші болып 37-минутта ақтаулық жас футболшы Руслан Жанысбеков есеп ашты. Бұдан кейін оралдық маман Артур Авакянцтың шәкірттері таразы басын теңестіру үшін бар күшін салды. Екінші таймда алаңға шыққан Сергей Шафф 67-минутта қонақтардың қақпасын дәл көздеді. Содан соң да екі команда жеңіс үшін қаншама тырысқанымен, есеп өзгермеді.
Осылайша тартысты матч 1:1 есебімен тең аяқталды.
Бірінші лигада көш бастап келе жатқан «Алтай» командасы «Астана Арена» стадионында жергілікті «Астана М» клубымен шеберлік байқасты. Бұл ойында ресейлік жартылай қорғаушы Сергей Дудкин қос голдың авторы атанып, командасына жеңіс әперді. Алаң иелерінен Мәди Жақыпбаев бір голмен ғана жауап берді.
Осылайша бұл турдан кейін 23 ұпай жинаған «Алтай» турнир кестесіндегі жағдайын нығайта түсті. Шығысқазақстандық клуб - чемпионат барысында жеңіліс таппаған бірден-бір команда. «Каспий» 18 ұпаймен екінші орында келеді.
Алматыда «Академия Оңтүстікті» 1:0 есебімен ұтқан «Қайрат-Жастар» командасы 17 ұпаймен үшінші сатыға көтерілді. Петропавлда «Шахтер-Болатты» 2:0 есебімен тізе бүктірген «Қызылжар СК» 16 ұпай жинап, «Ақжайықты» қуып жетті. Шымкентте «Қыран» «Екібастұзды» ұтса, «Ақтөбе-Жас» өз алаңында «Мақтааралға» 1:2 есебімен есе жіберді. Тоғызыншы тур 1 маусым күні «Байқоңыр» мен «Жетісу Б» командаларының матчымен аяқталады.
Келесі тур 16 маусым күні болмақ. Мұнда орталық кездесу «Алтай» - «Ақжайық» командалары арасында өтеді.