Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Футбол: Бірінші лигада екінші айналым ойындары басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан бірінші лига командалары екінші айналым ойындарын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футбол: Бірінші лигада екінші айналым ойындары басталды

Бірінші айналымнан кейін біраз тынығып алған клубтар өз алдарында тұрған міндеттер үдесінен көрінуге тағы кірісті.

Турнир кестесінде көш басында келе жатқан «Алтай» өз алаңында «Шахтер-Болат» командасын 5:0 есебімен тас-талқан етіп жеңді.

Осылайша 35 ұпай жинаған семейліктер премьер-лига жолдамасынан басты үміткер екендіктерін тағы бір дәлелдеді.

Ақтауда «Мақтааралды» 1:0 есебімен тізе бүктірген «Каспий» 30 ұпаймен екінші орынға көтерілді.

Премьер-лигадан үміткер «Қызылжар» (Петропавл) клубы Алматыда «Қайрат-Жастардан» 0:2 есебімен ұтылып қалды.

Сол секілді Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Жетісу Б» командасын ұта алмай, пұшайман болды – 1:1.

«Қызылжар» 28 ұпаймен үшінші, оралдықтар (26 ұпай) төртінші орында келеді.

Бесінші орындағы «Академия Оңтүстік» командасы (25 ұпай) өз алаңында «Екібастұздың» меселін қайырды – 2:1. Ал «Байқоңыр» «Қыранды» қапы қалдырды – 3:2. «Ақтөбе-Жас» пен «Астана М» тең тарқасты – 1:1.

Сөйтіп екінші айналымның алғашқы матчтарының өзі-ақ көшбасшы командаларға ұпай жинау оңайға түспейтінін көрсетті.

XV тур ойындары 2-4 тамыз аралығында өтеді. Онда «Шахтер-Болат» - «Академия Оңтүстік», «Жетісу Б» - «Каспий», «Мақтаарал» - «Алтай», «Екібастұз» - «Байқоңыр», «Қыран» - «Қайрат-Жастар», «Қызылжар» - «Астана М», «Ақтөбе-Жас» - «Ақжайық» командалары өзара сынға түседі.