Футбол: бірінші лигада «Оқжетпес» озып келе ме?
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында бұрынғыша Көкшетаудың «Оқжетпесі» көш бастап келеді.
Сенбі күні өткен кезекті турда «Оқжетпес» ЦСКА-ны 5:2 есебімен ойсырата ұтып, ұпай санын 55-ке жеткізді. Көкшеліктердің премьер-лига жолдамасы үшін негізгі қарсыластары да жеңіске жетті. Екінші орындағы Шымкенттің «Қыраны» Екібастұзды 3:1, үшінші сатыдағы Ақтаудың «Каспийі» Қаратауда жергілікті «Лашынды» 1:0 есебімен жеңді, бұларда 54 және 51 ұпайдан бар. Біріншіліктен шығып қалған Қарағандының «Гефест» командасымен ойнауы тиіс «Ақжайықтың» еншісіне де үш ұпай қосылды. Батысқазақстандықтардың «Каспиймен» ұпайы тең. Бесінші орындағы «Астана-1964» командасы да үмітін үзе қойған жоқ. Мергендер көшін «Жетісу-Сұңқардан» Константин Задорожный мен «Қыраннан» Санат Жұмаханов 19 доппен бастап келеді.
«Оқжетпес» осылай оқ бойы озық келе ме, оны қалған төрт турдың нәтижелері шешеді. Әсіресе, келесі турда 19 қазан күні Оралда жергілікті «Ақжайық» пен көкшеліктер арасында өтетін ойын біраз нәрсені аңғартып тастары анық. Егер алаң иелері жеңсе, «Оқжетпестің» қарқыны тежеліп, бәсеке шиеленіседі. Сондай-ақ 25 қазан күні «Оқжетпес» - «Қыран», «Восток» (Өскемен) - «Ақжайық», 2 қарашада «Қыран» - «Восток», «Ақжайық» - «Астана-1964», 8 қарашадағы ең соңғы турда «Жетісу-Сұңқар» - «Ақжайық», «Астана-1964» - «Қыран», «Оқжетпес» - «Каспий» кездесулері тартысты өтері сөзсіз.