Футбол: Бүгін Қазақстан құрамасы Беларус футболшыларын қабылдайды

АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Алматыдағы Орталық стадионда Беларус құрамасын қабылдайды.

Футбол: Бүгін Қазақстан құрамасы Беларус футболшыларын қабылдайды
Бұл біздің команданың 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өтетін Әлем чемпионатының жолдамасы сарапқа салынып жатқан іріктеу турнирі аясындағы бесінші ойыны, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Матч Алматы уақыты бойынша сағат 20:30-да басталады. Бұған дейін жерлестеріміз төрт кездесу өткізіп, соның біреуінде ғана жеңіске жетті, ал қалған үшеуінде жеңіліп қалды. Осылайша, төрт ойыннан кейін 3 ұпай жинаған олар өз тобындағы алты команданың ішінде бесінші орында келеді. Бізден бір ойыны кем, алайда ұпайы тең Беларус құрамасы төртінші орында тұр. Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) соңғы рейтингі бойынша, Қазақстан құрамасы 130-шы, ал Беларус 88-ші орында.Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өтетін Әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында Англия, Хорватия, Украина, Беларус және Андорра құрамаларымен бірге «F» тобында сынға түсуде.