Футбол: Бүгін Қазақстан құрамасы Хорватияны қабылдайды

 АСТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өтетін Әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы соңғы ойынын өткізеді.

Футбол: Бүгін Қазақстан құрамасы Хорватияны қабылдайды

  Біздің команда елордадағы «Астана-Арена» стадионында Хорватияны қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Бұл кездесудің қос команда, әсіресе, Хорватия құрамасы үшін маңызы зор. Егер, Хорватия құрамасы бүгінгі ойында жеңіске жетіп, Андорра өз алаңында Украинаны ұтатын немесе тең түсетін болса, онда хорватиялықтардың әлем біріншілігіне қатысу мүмкіндігі сақталады. Олай дейтініміз, Украина 9 ойыннан кейін 18 ұпай жинап екінші, ал Хорватия  17 ұпаймен үшінші орында келеді.  Алайда, Андорраның бұл топтағы аутсайдер команда екенін әрі іріктеу турнирінде әлі бірде бір ойында жеңіске жетпегенін ескерсек, бұл сценарийдің орындала қоюы неғайбыл. Дейтұрғанмен, Хорватиямен болатын кездесу Қазақстан құрамасы үшін де принципті тұрғыдан маңызды. Себебі, неміс маманы Бернд Шторк жаттықтыратын біздің команда өзі сынға түсіп жатқан топта жаңа айтып өткен Андоррадан ғана екі мәрте басым түсті, қалған командаларға өз алаңында да, сырт алаңда да ірі есептермен ұтылып қалды. Сондықтан да мыңдаған жанкүйерлердің үмітін ақтау үшін бүгін біздің футболшылар намысты қолдан бермеуге тырысулары тиіс.

Жалпы бұл Қазақстан құрамасының іріктеу турнирі аясындағы соңғы, 10-шы  ойыны болмақ. Бұған дейін  тоғыз   кездесу өткізген жерлестеріміз, соның бар-жоғы екеуінде ғана жеңіске жетті, қалғандарында қарсыластарына қауқар көрсете алмады.  Сөйтіп Қазақстан құрамасы тоғыз  ойыннан кейін 6 ұпай жинап, өз тобындағы алты команданың ішінде бесінші орында келеді.

 Айта кетейік, 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өтетін Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Англия, Хорватия,  Украина,  Беларус және Андорра құрамаларымен бірге «Ғ» тобында сынға түсуде