Футбол: Чемпиондар лигасында рекордтық нәтиже тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – 29 қаңтардан 30-ына қараған түні Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің 8-турында 18 матчта 64 гол соғылды.

Championat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, бұл – XXI ғасырдағы ең үздік көрсеткіш.
Ал жалпы турнир тарихында ол екінші нәтиже болып есептеледі. Бұдан бұрын 1970 жылы 16 қыркүйекте 1970-1971 жылғы Еуропа чемпиондары кубогының бірінші кезеңінде 16 кездесуде 66 гол соғылған еді.
Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде 8 ойында 21 ұпай жинаған ағылшындық «Ливерпуль» клубы үздік шықты. Испаниялық «Барселона» 19 ұпаймен екінші орынға ие болса, лондондық «Арсенал» (19 ұпай) үздік үштікті түйіндеді.
Алғашқы сегіздікке енген командалар 1/8 финалға бірден жолдама алды. 9-24 орын алған клубтар қалған сегіз жолдаманы сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Еуропа лигасында Зайнутдинов ойнайтын «Бешикташ» командасы ірі есеппен жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.