Футбол: Денис Главина «Ақжайыққа» қайтып оралды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Хорватиялық қорғаушы Денис Главина «Ақжайыққа» қайтып оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Главина спорттық жолын «Динамоның» (Загреб) жастар командасында бастады.
Хорватиялық ойыншы сондай-ақ «Динамо» (Киев), «Ворскла», «Днепр», «Динамо» (Загреб), «Арка» (Польша), «Вараждин», «Сплит» (екеуі де Хорватия), «Заврч» (Словения) командаларында доп тепті.
Главинаның Қазақстандағы алғашқы клубы Қостанайдың «Тобылы» болды. Соның құрамында 2016 жылы 27 матчта бір гол соқты. 2017 жылдың жазында Денис Оралдың «Ақжайығына» ауысып, 14 ойында қос голдың авторы атанды. Ол қорғанысты бекем ұстаумен бірге керек кезінде шабуылға да қосыла алады.
Биыл жыл басында Талдықорғанның «Жетісу» командасының сапынан табылған Главина 14 кездесу өткізді. Енді ол «Ақжайық» сапында үшінші нөмірмен ойнайтын болады.
Айта кетейік, бұдан бұрын қатарынан төрт мәрте жеңіліс тапқан «Ақжайық» өткен турда Қарағандыда «Шахтерді» 2:1 есебімен тізе бүктіріп, турнир кестесінде қайтадан 6-ыншы орынға көтерілді. 14 шілде күні Артур Авакянцтың шәкірттері сегізінші сатыда келе жатқан «Қызылжар» (Петропавл) командасын қабылдайды. Осы күні сондай-ақ «Астана» - «Шахтер», «Ақтөбе» - «Атырау», «Қайсар» - «Тобыл», 15 шілдеде «Қайрат» - «Жетісу», «Ертіс» - «Ордабасы» матчтары өтеді.