Футбол: Дисквалификациядан қашқан ПСЖ 6 ойыншысын сатуға мәжбүр
Бұл туралы кеше, 25 қыркүйекте AS хабарлады.
Басылымның ақпаратына қарағанда, УЕФА егер команда қаржылық фэйр-плей ережесін бұзар болса париждықтар Чемпиондар лигасының 2018/19 маусымына қатыстырылмайтындығын мәлімдеген. Осыған байланысты клуб басшылығы Анхель Ди Мария, Хавьер Пасторе, Лукас Моура, Юлиан Дракслер, Атем Бен Арфа, Тиаго Силва, Блез Матюиди және Серж Орьені трансферге қойды. Соңғы екеуі өткен жазда италиялық «Ювентус» пен ағылшындық «Тоттенхэмге» сатылған болатын.
Еске сала кетсек, 1 қыркүйекте УЕФА қаржылық фэйр-плей ережесін бұзды деген күдікпен ПСЖ командасын тексеруді бастаған еді.
Өткен жазда ПСЖ-ға испандық «Барселонадан» бразилиялық Неймар ауысты. Бұған 222 миллион доллар жаратылған. Сондай-ақ клуб «Монакодан» 18 жастағы шабуылшы Килиан Мбаппені 160 миллионға сатып алу құқымен «арендаға» алған еді.
Айта кеткен жөн, қаржылық фэйр-плей ережесін 2012 жылы бұрынғы УЕФА президенті Мишель Платини енгізген болатын. Ережеге сәйкес еуропалық клубтардың тапқан табыстарынан артық қаржы жаратуға құқықтары жоқ.