ФУТБОЛ: Еуропа аренасында Қазақстан абыройын көтеру міндеті тұр - Е. Қожағапанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан футбол федерациясының кеңсесінде федерация президенті Ерлан Қожағапановтың төрағалығымен жаттықтырушылар кеңесі өтті.

ФУТБОЛ: Еуропа аренасында Қазақстан абыройын көтеру міндеті тұр - Е. Қожағапанов

Жаттықтырушылар кеңесінде ұлттық, жастар және жасөспірімдер құрамалары бапкерлерінің есебі тыңдалды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметінен хабарланды.

Жиын барысында Қазақстан ұлттық құрамасының 28 және 31 наурыз күндеріне Исландия мен Ресеймен өткізетін ойынға дайындық жоспары талқыланды. Сонымен қатар, ұлттық құрама мүшелерін медициналық тұрғыдан қолдау, 23 жасқа дейінгі футболшылардың құрамасын жасақтау мәселесі айтылды. Мұнда жас ерекшелігі бойынша жастар құрамасынан өткен талантты ойыншылар жиналады. Олар клубтардағы ойын тәжірибесінің жетіспеуінен әзірге ұлттық құрамаға іліге алмауда.

Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Саулюс Ширмялис өз командасының Достастық Кубогындағы ілгері тұстарын айта отырып, проблемалық позицияларға да тоқталды.

«Біздің басты мәселе - орталық алаңда ойнайтын футболшы жоқ. Олар бұл позиция бойынша Премьер-Лига клубтарында ойнамайды. «Қайрат» сапында Тимур Рудосельскийдің маусымды орталық қорғаушы ретінде бастағаны қуантады. Жуков - «Астана» командасының орталық жартылай қорғаушысы. Мен клубтардың Түркияда өткізген оқу-жаттығу жиынын қарап шықтым. Бірнеше жаңа футболшының ойынын көрдім. Сонымен қатар, Германияда біздің құраманы күшейте түсетін 1-2 ойыншы бар», деді ол.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов жаттықтырушылар кеңесін қорытындылай келе, құрама командалардың алдына 2015 жылға тапсырма қойды. Міндет - іріктеу турнирлерінде жоғары нәтижеге қол жеткізу.

«Біздің алдымызда тартысты ойын көрсетіп, Исландия құрамасымен өткізетін кездесуде оң нәтижеге жету міндеті тұр. - Жастар құрамасы жақында ЕУРО-2017 іріктеу турниріне қатысады. Біз жастар футболында Англия мен Норвегия құрамаларының көшбасшы екенін білеміз, алайда Швейцария мен Босния және Герцеговина құрамаларынан ұпай алуға болады. Карлес Марторелл мен Ойрат Сәдуов Қазақстан жасөспірімдер құрамасымен алғаш рет ресми матч өткізбек. Сіздердің алдарыңызда біздің жасөспірімдерді осы ойындарға дайындап, Еуропа аренасында Қазақстан абыройын көтеру міндеті тұр», - деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов.