Футбол: Еуропа чемпиондары лигасының финалында «Барселона» мен «Манчестер Юнайтед» кездеседі

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Барселона» финалға екі ойынның қорытындысы бойынша тағы бір испаниялық клуб Мадридтің «Реалын» 3:1 есебімен ұтып шыққан болатын. Ал кеше өткен екінші жартылай финалдың қарымта ойынында «Манчестер Юнайтед» Германияның «Шальке-04» командасын қабылдап, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Бұдан бір апта бұрын неміс жерінде өткен алғашқы ойында да ағылшындық клуб 2:0 есебімен басым түскен болатын. Осылайша екі матчтың нәтижесінде 6:1 есебімен ұтқан «Манчестер Юнайтед» финалда қарт құрлықтағы мәртебелі турнирдің кубогын «Барселона» клубымен сарапқа салатын болады.
Финалдық ойын 28 мамыр күні Лондондағы «Уэмбли» стадионында өтеді. Айта кетейік, 2008/2009 жылғы маусымда бұл екі команда чемпиондар лигасының финалында кездескен еді. Ол кезде 2:0 есебімен жеңіске жеткен «Барселона» Еуропаның ең мықты командасы атанған болатын.