ФУТБОЛ. Еуропа лигасы: «Қайрат» - «Эсбьерг» 1:1
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматының «Қайрат» командасы өз алаңында Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында Данияның «Эсбьерг» командасын қабылдады.
Ойын басталысымен-ақ «қайраттықтар» тізгінді өз қолдарына алды. «Алға Қайрат!», «Алға Қайрат!» - деп стадионды басына көтерген жанкүйерлер қауымы отандастарына дем беріп, қызу қолдаумен болды. Дегенмен, даниялықтар да көп ұзамай естерін жиып, қарымта шабуылдарға шыға бастады.
Алғашқы қауіпті сәт ойынның 16-минутында орын алды. Әріптесінен пас алып, айып алаңына кірген Жерар Гоу доптан айырылып қалды. Ойынның 26-минутында сол қапталдан айып алаңына тебілген допқа Жерер Гоу секіріп жете алмады.
Алғашқы таймның екінші жартысына қарай допқа иелік етуде даниялықтардың басымдығы сезіле бастады. Допқа кенедей жабысқан олар бір-біріне ұтымды пас беріп, допты айып алаңына жеткізе салысымен қақпаға қарай тебумен болды. Абырой болғанда доп көп жағдайда қақпадан сырт кетті. Ал «қайраттықтар» допты қарсыластардың айып алаңына жеткізгендерімен қақпаға дәл соққы жасау жағы осал түсіп жатты. Айып алаңына бірнеше рет асырылған допқа шабуылшыларымыз секіріп жете алмай-ақ қойды.
Ойынның екінші жартысында «қайраттықтар» есеп ашып, жанкүйерлердің мерейін үстем етті. Ойынның 50-минутында «Қайрат» ойыншысының айып алаңының сыртынан тепкені добы «Эсбьерг» қорғаушысының қолына тиіп, 11 метрлік айып добы белгіленді. Йосип Кнежевич қақпашыны алдап соғып, допты торда тулатты. Есеп 1:0.
Жанкүйерлер дауыстарын аямай, қарлықса да қолдауларын үдете түскенімен ойын сипаты аса өзгере қойған жоқ. Даниялықтар допты уыстарынан шығармай «қайраттықтардың» айып алаңына оңай жеткізіп, қақпаға дәл тебуге тырысып жатты. Ойынның 63-минутында Артур Едигарянның орнына Станислав Лунин шықса, 86 минутында Йосип Кнежевичті Исаэл да Сильва алмастырды. Дегенмен бұл, ойын сипатына әсер ете қойған жоқ.
Өкінішке қарай, ойын аяқталарға бірер минут қалғанда даниялықтар кезекті шабуылын сәтті аяқтап, есепті теңестіріп кетті. Есеп - 1:1.
Осымен, ойын тең аяқталды. Қарымта ойын 24 шілде күні Данияда өтеді.
Бұл ойынға командалар төмендегідей құраммен шықты.
«Қайрат» командасы: Дмитрий Хомич, Ермек Қуантаев, Александр Кислицин, Самат Смақов, Зәуірбек Плиев, Йосип Кнежевич, Михаил Бакаев, Бауыржан Исламхан, Любомир Михалик, Артур Едигарян және Жерар Гоу жасыл алаңға шықты.
«Эсбьерг» командасы: Мартин Дубравка , Микаэль Якобсен, Эдди Гомеш, Райан Лаурсен, Магнус Леквен, Йеппе Андресен, Джерри Лусена, Мохаммед Фелла, Мик ван Буре және Эмиль Люнг.