13:19, 04 Маусым 2009 | GMT +5
Футбол: ФИФА рейтингі бойынша Қазақстан құрамасы 5 сатыға жоғарылап, 132-ші орында тұр
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) ұлттық құрамалардың кезекті рейтингін жариялады.
Ол бойынша Қазақстан құрамасы бұдан бір ай бұрынғы көрсеткішінен 5 сатыға жоғарылап, 132-ші орында тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өтетін Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасымен «Ғ» тобында сынға түсіп жатқан Англия 6-шы, Хорватия 8-ші, Украина ? 19-шы, Беларус - 81-ші, Андорра 196-шы орындарға тұрақтаған.
Рейтинг бойынша үздік ондықта мына командалар бар: 1. Испания, 2. Голландия, 3. Германия, 4. Италия, 5. Бразилия, 6. Англия, 7. Аргентина, 8. Хорватия, 9. Ресей, 10. Франция. ФИФА-ның келесі рейтингі шілденің 1-де жарияланады. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Әлем біріншілігінің іріктеу кезеңі аясындағы кезекті ойындарын маусымның 6-да Алматыда Англиямен, ал маусымның 10-да Киевте Украинамен өткізеді. Іріктеу турнирі аясында жерлестеріміз бұл командалармен алғашқы айналымдағы ойындарын өткізіп қойды. 2008 жылғы қыркүйектің 10-да Алматыда Украинамен болған кездесу 3:1 есебімен қарсыластарымыздың пайдасына шешілсе, сол жылғы қазанның 11-де Лондонда өткен ойында Англия Қазақстанды 5:1 есебімен ойсырата жеңді. Ал жалпы іріктеу турнирі аясында Қазақстан құрамасы бес кездесу өткізіп, соның біреуінде ғана жеңіске жетіп, қалғандарында жеңіліп қалды. Осылайша, бес ойыннан кейін 3 ұпай жинаған олар өз тобындағы алты команданың ішінде бесінші орында келеді.