ФУТБОЛ: «Галатасарай» 16-шы рет Түркия Кубогын еншіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Стамбұлдық «Галатасарай» 16-шы рет футболдан Түркия Кубогына ие болды, деп хабарлады Vesti.kz.
Ақтық сында «Галатсарай» 3:2 есебімен «Бурсаспорды» жеңді. Жеңімпаздар командасынан Бурак Йылмаз жасындай жарқылдап, допты қарсыластар қақпасында үш рет тулатты (40-ші, 48- ші және 60-ші минуттар). «Бурсаспорда» Фернандао (27) мен Волкан Шен (58) көзге түсті.
«Галатасарай» ел Кубогын иеленуде рекордшы атанып отыр. Олар бұған 16 рет қол жеткізді.
Осылайша, стамбұлдық клуб өз тарихында алтыншы рет бір маусымда екі ұлттық турнирде жеңімпаз атанды. Соңғы рет «Галатасарай» мұндай табысқа 1999/2000 жж маусымда ие болды, ол кезде құрама УЕФА Кубогын да ұтып алған еді.