Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Футбол: «Қайрат» «Ертісті» ойсырата ұтып, «Астанаға» жақындай түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Футболдан ел чемпионатының ХVІІ турында Алматының «Қайраты» өз алаңында Павлодардың «Ертісін» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футбол: «Қайрат» «Ертісті» ойсырата ұтып, «Астанаға» жақындай түсті

Осы матчта Оралдың «Ақжайығынан» ауысқан чемпионат сұрмергендерінің бірі, украиналық шабуылшы Адеринсола Эсеола алғаш рет «Қайраттың» сапында алаңға шықты.

Алматылықтар бірден ойын тізгінін қолына алып, 24-минутта бразилиялық легионер Исаэль мергендік танытты - 1:0. 37-минутта Эсеоланың да кезегі келді. Ресейлік Андрей Аршавиннен пас алған ол Милош Стаменковичтан сытылып шығып, қақпа бұрышын дәл көздеді. Сөйтіп Эсеола биылғы біріншілікте соққан гол санын 9-ға жеткізді. Ал мергендер көшін 11 голмен «Ақтөбе» сапындағы армениялық легионер Маркос Пизелли бастап келеді.

42-минутта А.Аршавин тепкен доп Руслан Есімовке тиіп, бағытын өзгертіп, Никита Калмыковтың қақпасынан табылды.

Екінші таймда 58-минутта Исаэль ойын нүктесін қойды.

Осылайша «Ертісті» 4:0 есебімен жеңіп, 41 ұпай жинаған «Қайрат» бірінші орындағы «Астанаға» жақындай түсті. Кеше елордалықтар Қостанайда «Тобылмен» тең ойнап, ұпай жоғалтқан болатын. Олардың еншісінде қазір 47 ұпай бар, бірақ алматылықтардың «Астанадан» екі ойыны кем. Демек, бұл - чемпиондық атақ үшін бәсеке бәсеңдеген жоқ деген сөз.

Айта кетейік, кеше Шымкентте турнир кестесінде төртінші орындағы «Ордабасыны» күтпеген жерден 2:1 есебімен тізе бүктірген Қызылорданың «Қайсары» 6-ыншы сатыға көтерілді. «Қызылжар» - «Ақтөбе», «Жетісу» - «Атырау», «Шахтер» - «Ақжайық» кездесулері 7 шілде күні өтеді.