ФУТБОЛ: «Қайрат» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Шотландияның Абердин қаласында Алматының «Қайраты» жергілікті командамен шеберлік байқасты.

ФУТБОЛ: «Қайрат» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды

Ойын барысында басымдылық алаң иелерінің жағында болғанымен, Владимир Вайсстың шәкірттері қорғанысты нық ұстап, оңтайы келгенде, қарсы шабуылдауға тырысты. Бұл тактика екінші таймда өз жемісін берді. 59-минутта «Абердин» қақпасының алдындағы қарбалас сәтті шебер пайдаланған «Қайраттың» мерген ойыншысы Жерар Гоу есеп ашты. Кездесу соңына таман шотландиялық команданың шабуылы үдей түсті. 84-минутта айып добын беру сәтінде Кенни Маклин қақпа бұрышын дәл көздеді. Соңғы секундтарда «Қайраттың» қақпашысы Владимир Плотников керемет шеберлік көрсетіп, қақпасын аман алып қалды. Сөйтіп тартысты ойын 1:1 есебімен аяқталып, екі кездесу қорытындысымен (Алматыдағы матчта алаң иелері 2:1 есебімен ұтқан болатын) «Қайрат» плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Еске сала кетейік, осының алдында «Астана» командасы Еуропа чемпиондары лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алған болатын. Сонымен, биыл қазақстандық командалар өз тарихында үздік табыстарына қол жеткізіп отыр.