Футбол: «Қайрат» Қостанайда жеңіліс тапты
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында алматылық «Қайратты» ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қостанайлық клубтың бас бапкері Владимир Никитенко «Қайратқа» қарсы бес қорғаушымен ойнап, қарымта шабуылдарға иек артты.
Бірінші таймда Бауыржан Тұрысбек алаң иелерін алға шығаратын сәтті пайдалана алмады. Ол он бір метрден қиыс тепті. Ойынның екінші
бөлігі алматылықтардың жылдам шабуылдарымен басталды. Иво Илишевич пен Исаэль Барбоза «Тобыл» қақпашысын бірнеше рет ойынға араласуға мәжбүр етті.
Кездесу соңына таман «Тобыл» сапына Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Таңат Нөсербаев пен грузиялық футболшы Ника Квеквескири қосылды. Тыңнан қосылған жігіттер ойын тағдырын шешті. 88-минутта Квеквескири сол қапталдан сытылып шығып, Нөсербаевты дәл паспен тапты. Соңғысы қателескен жоқ. Допты бос қақпаға сырғыта салды.
Осылайша, Алматының «Қайраты» сырт алаңнан ұпайсыз қайтты. Ал қостанайлықтар турнир кестесінің төртінші сатысына көтерілді.