Футбол: «Қайрат» пен «Астана» арасындағы суперкубок ойынын Ресей, Украина және басқа елдерде көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл футболдан Қазақстандағы жаңа маусым 1 наурыз күні Астанадағы «Астана Арена» стадионында ел чемпионы «Астана» мен Қазақстан кубогының иегері Алматының «Қайраты» арасындағы суперкубок ойынымен ашылады.

Футбол: «Қайрат» пен «Астана» арасындағы суперкубок ойынын Ресей, Украина және басқа елдерде көрсетеді

Осыған орай Қазақстан футбол федерациясы аталған матчтың тек елімізде ғана емес, Ресей, Украина, бірқатар Еуропа елдерінде көрсетілетінін хабарлады. Атап айтқанда, қазірдің өзінде Ресейдің «Спорт 1» және Украинаның SPORT телеарналарымен келісім жасалған. Украиналық канал сонымен қатар өз хабарын Молдова, Беларусь, Литва, Латвия және Эстонияға таратады.

Қазақстан футбол федерациясының бас менеджері Асқар Ұранқаевтың айтуынша, «Астана Арена» стадионына 30 мыңнан артық жанкүйер сыя алмайды. Сондықтан ең алдымен қазақстандық «Хабар» телеарнасымен көрсетілім жасауға келісілген. Содан кейін Түркия, Ресей, Қытай және басқа елдердің жетекші телекомпанияларымен келіссөздер жүргізілген. Әлі барлық құжаттарға қол қойыла қойған жоқ, сондықтан қанша елге көрсетілетінін әзір нақты айту қиын. Дегенмен соның өзінде ресейлік және украиналық телеарналардың келісім беруі ел футболының көкжиегін кеңейте түсері сөзсіз.