Футбол: «Қайсар» қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 6-турында тағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Екі ойынның бірінде Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады.

Кездесу барысында командалар алғашқы минуттан гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Дегенмен олар діттеген мақсатына жете алмай жатты. Ойынның 45-минутында «Жетісу» қақпасына белгіленген пенальтиден «Қайсар» ойыншысы Дмитрий Бородин мүлт кеткен жоқ.

Екінші кезеңде алаң иелері есепті теңестіруге ұмтылды. Есесіне өз қақпасы маңында тағы да тәртіп бұзып, 79-минутта пенальти белгіленді. Бұл жолы да Дмитрий Бородин қақпа торын тулатты.

Осылайша «Қайсар» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті. Нәтижесінде қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетіп, турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді.

Тағы бір кездесуде Қарағандының «Шахтері» өз алаңында Түркістан облысының «Мақтаралымен» шеберлік байқасты. Қарағандылық клуб бірде-бір мәрте жеңіске жете алмай, небәрі бір ұпайды қанағат тұтты. Ал «Мақтарал» бір жеңіспен турнир кестесінде төменгі орында тұрды.

Кездесу барысында «Шахтер» сапынан Юрий Перцух 30, Иван Свиридов 37, Егор Алишаускас 41-минуттарда мергендік танытты.

Қарағандылық клуб қарсыласын 3:0 есебімен жеңіп, біріншіліктегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Қазірге дейін аталған турда «Каспий» биылғы біріншілікте алғаш рет жеңіске жетті.

Енді 16 сәуірде «Ақсу» мен «Қызылжар», «Ақтөбе» мен «Атырау», «Астана» мен «Қайрат», «Ордабасы» мен «Тобыл» ойнайды.

Еске салсақ, бесінші турдан кейін «Қызылжар» командасы көш бастап келеді.


Соңғы жаңалықтар