Футбол: Қазақстан әйелдер құрамасы Арменияны ірі есеппен ұтты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әйелдер арасында 2025 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Орталық стадионда Арменияны ойсырата жеңді.
Бұған дейін сырт алаңда армениялықтарға 1:2 есебімен есе жіберген қазақстандықтар артығымен қарымта қайырды.
Алдымен 28-минутта Камила Құлмағамбетованың бұрыштамадан берген пасынан кейін Александра Бурова есеп ашты. 35-минутта Аида Гайстенова үш ойыншыны қапы қалдырып, тоғыздықты дәл көздеді – 2:0. 39-минутта Армения сапындағы Марал Артин есепті қысқартты.
Екінші таймда 57-минутта тағы да бұрыштамадан кейін команда капитаны Бибігүл Нұрышева баспен дәл соқты. Бір минуттан соң Әселхан Тұрлыбекова ойын нүктесін қойды - 4:1.
Бұдан кейін де қазақстандықтардың гол соғатын мүмкіндіктері болды.
Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейін Мадияр Кембіловтің шәкірттері өз алаңында Болгариядан – 0:1, сыртта Румыниядан – 0:1, Армениядан 1:2 есебімен ұтылып қалған еді.
Қазақстан келесі кездесуін 12 шілдеде өз алаңында Румыниямен өткізеді. Содан соң 16 шілдеде Болгариядағы матч күтіп тұр.