Футбол: Қазақстан-Беларус 1:5
АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Әлем чемпионатының жолдамасы сарапқа салынып жатқан іріктеу турнирі аясындағы бесінші ойынын кеше өз алаңында Беларус құрамасымен өтізіп, 1:5 есебімен ойсырай ұтылып қалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесудің бірінші кезеңі 1:0 есебімен біздің команданың пайдасына шешілген болатын. Алайда, екінші кезеңде қазақ елі жанкүйерлері үшін күтпеген жағдай болды. Жерлестеріміздің қорғанысы сыр беріп, қонақтар айналасы 15 минөттің ішінде біздің қақпаға төрт доп соқты. Ойын аяқталуға санаулы минөттер қалғанда тағы бір гол енгізіп, 5:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша іріктеу турнирінің аясында бес ойын өткізген Қазақстан құрамасы соның тек біреуінде ғана жеңіске жетіп, 3 ұпаймен алты команданың ішінде бесінші орында тұр. Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өтетін Әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында Англия, Хорватия, Украина, Беларус және Андорра құрамаларымен бірге «F» тобында сынға түсуде.