Футбол: Қазақстан құрамасы ағылшындардан екінші мәрте ұтылды
АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат - Өткен сенбіде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2010 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы алтыншы ойынын Алматыдағы Орталық стадионда Англия командасымен өткізіп, 0:4 есебімен жеңіліс тапты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Біздің қақпаға соғылған голдардың авторлары ? Барри (40 минөт), Хески (45 минөт), Руни (72 минөт) және Лэмпард (77 минөт, пенальтиден). Атап өтерлігі, бұл 1966 жылы Әлем чемпионы атанған Англия құрамасының қазақ еліне тұңғыш табан тіреуі болды. Қазіргі құрамында әлемге әйгілі жарық жұлдыздары бар Англия мен футболы енді-енді дамып келе жатқан егемен Қазақстан арасындағы бұл кездесуді, әсіресе қазақстандық футбол жанкүйерлері асыға тосты. Сондықтан да болса керек, маусымның 6-сы күні Алматының орталық стадионында ине шаншар орын болған жоқ. Лықа толған стадионда Қазақстан құрамасы жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен, тұтастай алғанда жақсы өнер көрсетті. Әсіресе, біздің команда кездесудің алғашқы 30 минөтінде тамаша ойнап, ағылшындарды қос қапталдан қысты. Сондай сәттердің бірінде, кездесудің 16-шы минөтінде Жамбыл Көкеевтің оң қапталдан шығарып берген добын шабуылшы Сергей Остапенко ағылшындардың қақпасына бағыттады. Бірақ исландиялық бас төреші голды есептемей тастады. Уәж ? біздің футболшы ойыннан тыс қалған. Егер бұл гол есептелгенде, мүмкін ойын тағдыры мүлдем басқаша болар ма еді?.. Одан кейін осы Остапенконың жарақат алып, ойынды жалғастыра алмағаны біздің команданың тактикасына түбегейлі өзгерістер енгізуге тура келді. Мұндай ұрымтал тұстарды мүлт жібермейтін ағылшындар содан соң барып ойын тізгінін өз қолдарына алып, алғашқы кезеңде екі, екінші кезеңде тағы екі гол соғып жеңіске жетті. Оның үстіне, бір голды олар 11 метрлік айып добынан соқты. Бір сөзбен айтқанда, ағылшындар шеберлік деңгейлерінің жоғарылығы, техникаларының үздіктігі және күш-қуат дайындықтарының күштілігінің арқасында жеңіске жетті. Халықаралық Футбол федерациясының (ФИФА) мамыр айындағы рейтингі бойынша Англия 6-шы, ал Қазақстан 132-ші орында тұрғанын ескерсек, матчтың бұлай аяқталуын заңдылық деп бағалаған жөн. Бұл матчта Жамбыл Көкеев, Таңат Нөсербаев, Сергей Скорых сынды футболшылардың жақсы ойнағандарын атап өткен жөн. Іріктеу турнирі аясында бұған дейін екі команда 2008 жылғы қазанның 11-де Лондонда кездескен еді. Онда ағылшындар 5:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Айта кетейік, 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өтетін Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан Англия, Хорватия, Украина, Беларус, Андорра құрамаларымен бірге «Ғ» тобында сынға түсуде. Біздің команда іріктеу кезеңі аясындағы барлығы алты кездесу өткізіп, соның біреуінде ғана жеңіске жетті, ал қалғандарында жеңіліс тапты. Осылайша, алты ойыннан кейін 3 ұпай жинаған олар өз тобындағы алты команданың ішінде бесінші орында келеді. Іріктеу турнирі аясындағы кезекті ойынын жерлестеріміз маусымның 10-ы күні Киевте Украина құрамасымен өткізеді.