Футбол: Қазақстан құрамасы Армениямен жолдастық кездесу өткізеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан құрамасы Армениямен жолдастық кездесу өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан футбол федерациясы мәлім еткеніндей, алдағы жылдың 23-30 наурыз күндері ұлттық құрама «Талғар» базасында оқу-жаттығу жиынын өткізеді.

Осы дайындық аясында 27 және 30 наурыз күндері екі жолдастық кездесу өткізу жоспарланған. Армения мен Қазақстан құрамалары 30 наурызда Алматыда жасыл алаңға шығады. Екінші қарсылас кейін анықталады.

Армения құрамасын 52 жасар маман Абраам Хашманян жаттықтырады.

Биыл мәреге жеткен 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Армения J тобында Италия, Финляндия, Грекия, Босния және Герцеговина, Лихтенштейн құрамаларымен сынға түсті. Қорытындыда 10 ұпай жинаған армяндар өз тобында бесінші орынға табан тіреді.

ФИФА рейтингінде Армения 102-інші, Қазақстан 118-орында келеді.

Чехиялық маман Михал Билектің басшылығымен Қазақстан құрамасы Еуропа біріншілігінің іріктеу турнирінде I тобында Бельгия, Ресей, Шотландия, Кипр және Сан-Мариномен ойнап, 10 ұпаймен бесінші орынға ілігіп, 2008 жылғы осындай жарыстағы нәтижені қайталаған болатын.

Соңғы жаңалықтар