Футбол: Қазақстан құрамасы Беларуспен өтетін кездесуге дайындығын бастайды
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Наурыздың 22-де футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында Беларус құрамасымен өтетін кездесуге дайындығын бастайды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстан мен Беларус құрамалары арасындағы матч сәуірдің 1-де Алматыдағы орталық стадионда өтеді. Бұл біздің команданың іріктеу турнирі аясындағы бесінші ойыны. Бұған дейін жерлестеріміз төрт кездесу өткізіп, соның біреуінде ғана жеңіске жетті, ал қалған үшеуінде жеңіліп қалды. Осылайша төрт ойыннан кейін 3 ұпай жинаған олар өз тобындағы алты команданың ішінде бесінші орында келеді. Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) соңғы рейтингі бойынша, Қазақстан құрамасы 130-шы орында, ал Беларус 88-ші орында тұр. Айта кетейік, Қазақстанның ұлттық құрамасы 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өтетін Әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында Англия, Хорватия, Украина, Беларус және Андорра құрамаларымен бірге «F» тобында сынға түсуде.