ФУТБОЛ: Қазақстан құрамасы сырт алаңда Грузиямен 1:1 есебімен тең ойнады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Грузияның Тбилиси қаласындағы Борис Пайчадзе атындағы стадионда Қазақстан ұлттық құрамасы алаң иелерімен жолдастық кездесу өткізді.

Бұдан үш күн бұрын Әзірбайжан құрамасымен өткен кездесуге қарағанда, Талғат Байсуфинов бастаған қазақстандық мамандар бұл ойында біраз өзгерістер жасады. Мысалы, Исламбек Қуат, Абзал Бейсебеков, Азат Нұрғалиев, Алексей Щеткин бірден алаңға шықты. Сондай-ақ құрамаға көптен шақыртылмаған қақпашы Давид Лория өз шеберлігін көрсетуге мүмкіндік алды. Ал команда капитаны Самат Сымақов ұлттық құрама сапындағы 73-інші кездесуін өткізіп, бұл жөнінен өзінің досы Руслан Балтиевті қуып жетті.

Бір айта кететін жайт, Грузия құрамасын осыған дейін Алматының «Қайратын» жаттықтырған словакиялық маман Владимир Вайсс алып шықты. Сондықтан оған қазақстандық ойыншылар жақсы таныс болатын.

«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, матч барысында алдымен грузиялық футболшылардың басымдылығы байқалып тұрды. Дегенмен қазақстандықтар да қарап қалған жоқ. 36-минутта оң қапталдан суырылып шыққан Серікжан Мұжықовтың берген пасын Азат Нұрғалиев құр жібермей, есеп ашты. Алайда екі минуттан кейін қазақстандықтардың сылбыр қимылын пайдаланған Торнике Окриашвили таразы басын теңестіріп кетті. Жалпы, қорғаныста Ғафуржан Сүйімбаев сәтті қимылдай білді.

Екінші таймда қос команда да тыңнан ойыншыларын қосты. Соның ішінде қонақтар қақпасын Владимир Плотников қорғап, ұлттық құрамадағы тұңғыш кездесуін өткізді. Ол ойын барысында жекедара шыққан грузин шабуылшысының соққан добын қайтарып, қақпасын аман алып қалды. Бұдан кейін командалар қанша тырысқанмен, есеп өзгерген жоқ.

Еске сала кетейік, 26 наурыз күні Талғат Байсуфинов баптаған Қазақстан құрамасы Түркияда өткен жолдастық кездесуде Әзірбайжанды 1:0 есебімен ұтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар