Футбол: Қазақстан құрамасы жолдастық кездесуде Әзірбайжанды ұтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияда футболдан өткен жолдастық кездесуде Қазақстан ұлттық құрамасы Әзірбайжан аяқдоп шеберлерін 1:0 есебімен тізе бүктірді.
«Қазспорт» телеарнасынан көрсеткеніндей, бұл ойында Әзірбайжан құрамасы алаң иелері болып саналды. Соған қарамастан, кездесу қазақстандықтардың басымдылығымен өтті. 8-минутта Серікжан Мұжықов бұрыштамадан Бауыржан Исламханға пас берсе, «Қайраттың» капитаны оны айып алаңына қарай әуелетті. Мұны ұтымды пайдаланған Мақсат Байжанов баспен допты қақпаға сүңгіте салды. Бұдан кейін Ұлан Қонысбаевтың гол соғатындай мүмкіндігі болды.
Екінші таймда Әзірбайжан құрамасы алға ұмтылып баққанымен, ештеңе бітіре алмады. Оларға кейде шеберлік жетіспей жатса, бірнеше рет Орал футболының түлегі, қазір Ресей премьер-лигасында көш бастап келе жатқан команданың бірі «Ростовтың» намысын қорғап жүрген Стас Покатилов өз қақпасын аман алып қалды. Әсіресе, ол ойын соңына таман әзербайжандықтардың айып соққысын қайтара білді. Есесіне қазақстандықтар есепті ұлғайтындай мүмкіндіктерді мүлт жіберіп жатты. Әуелі Сергей Хижниченкоға дәлдік жетіспесе, одан кейін Мақсат Байжановтың соққысын Әзірбайжан құрамасының қақпашысы аяғымен қайтара алды. Қосымша минуттарда алдымен Ғафуржан Сүйімбаевтың, іле-шала Алексей Щеткиннің соққылары қақпа маңдайшасынан кері қайтты.
Сөйтіп, Қазақстан құрамасы биылғы маусымдағы алғашқы ойынында жеңіске жетті.
Айта кетейік, қазақстандықтарды бұл матчқа қазіргі кезде «Ақжайық» командасының бас бапкері міндетін атқаратын Талғат Байсуфинов бастаған мамандар дайындап әкелді. Олар шеттен адам іздемей, қазақ футболының түлектеріне көбірек мүмкіндік берді. Бұл, әрине, құптарлық жайт.
Енді Қазақстан ұлттық құрамасы 29 наурызда Грузия футболшыларымен тағы бір жолдастық кездесу өткізеді.