ФУТБОЛ: Қазақстан Премьер-Лигасының 13-ші туры кездесулері өтті

Сонымен Премьер-Лига 13-ші турының нәтижелері мынадай:
«Ордабасы» - «Жетісу» 0:1 (0:1)
Гол: Савич 11 (0:1)
«Орбадасы» клубының талдықорғандық «Жетісумен» кездесуіне олардың бұған дейін кубогтық -матч үшін «Атырауға» қарсы ойындары біраз күштерін алып қойған сияқты. Есте болса, «Ордабасы» мен «Атырау» арасындағы кездесу ойын аяқталғаннан соң айып добын соғуға ұласқан болатын. Алайда, бұл оңтүстіктердің өз алаңында күші басым емес қарсыласынан жеңілуге жол беретін себеп емес-ті. Жетісулықтар жылдам гол соқты, осыдан кейін де алаң қожайындарына есе қайтаруға уақыт жеткілікті еді. Бірақ, «Ордабасы» мұндай мүмкіншілікті еш пайдалана алмады. Әрине, жетісулықтардың жеңісі қуантарлық. Келесі турда «Ақтөбе» командасын өз алаңында қабылдайтын талдықорғандықтарға қалай болғанда да жеңісті қолдан бермеу басты міндет сияқты.
«Шахтер» - «Тобол» 1:0 (1:0)
Гол: Байжанов 42 (1:0)
Қарағандының «Шахтері» мен Қостанайдың «Тобылы» арасындағы ойын тіпті сүреңсіз өтті десек те артық емес. Қауіпті сәттер саусақпен санарлық қана болды. Оның үстіне екі команда да шабуылды үдетуге аса пейіл таныта қоймады. Дегемен, ұрымтал сәтті сәтті пайдаланған Мақсат Байжанов қарағандылықтарды алға шығарды. Айта кетерлігі, дәл қазір қостанайлықтарға бапкер ауыстыратын сәт туындап отырған секілді. Әйтпесе бұл команданың алғашқы алтылыққа кіруге еш мүмкіндігі жоқ. Команда басшылығының нені күтіп отырғандығы түсініксіздеу.
«Қайрат» - «Ақжайық»- 3:2 (1:2)
Гол: Валиуллин 3 (0:1), Исламхан, айып добы 15 (1:1), Хромцов 31 (1:2), Гоу 90 (2:2), Тавамба 90 (3:2)
Алматыдағы ойын барынша тартысты өтті әрі қақпашы Сидельниковтің бенефисіне айналып та кете жаздады. Кахабер Цхададзе қосалқы қақпашының қауқарын байқап көргісі келген сияқты. Алайда, алматылықтардың қақпасына тоғытылған екі гол да Сидельниковтың қателігінен еді. Ойынның соңына қарай «Қайрат» жанкүйерлері командасының жеңетіне сенімі жоғалып, ұнжырғылары түсе бастаған еді. Дегемен, ойынның 90-шы минутында алдымен Гоу, одан кейін іле-шала Тавамба оралдықтардың қақпасының осал тұсын дәл көздеді.
«Оқжетпес» - «Тараз» 0:0
Алаңнан қуылғандар: Чертов 86
Көкшетаудың «Оқжетпесі» тағы да ұпайдан қағылды. Владимир Мухановтың ұжымына жаңа леп қажет сияқты. Әсіресе, шабуылшыларға баса мән берген жөн көрінеді. Өйткені, фубол ардагері Әлібек Бөлешевтен өзге өндіре шабуыл жасап жүрген ешкім жоқ. «Астана Арена» алаңында өткен кездесуге тараздықтар соңғы ойынға шыққандай тас-түйін болып келді. Нәтижесінде бір ұпайды еншіледі.
«Атырау» - «Ертіс» 0:1 (0:0)
Гол: Муртазаев 51 (0:1)
Атыраулықтар Қазақстан кубогында Шымкенттің «Ордабасы» командасына қарсы ойнап, көп күш жоғалтып алды. Есте болса, сол кездесудің тағдырын пенальти сериясы шешкен еді. Сондықтан болар, олар бұл жолы қосалқы ойыншылары барынша тың Павлодардың «Ертісіне» қарымды қауқар көрсете алмады. Дегенмен, бұған қарамастан «Атырау» командасының жеңіске жетуі мүмкіншілігі жоғары еді. Роман Муртазаев гол соққаннан кейін атыраулықтар Давид Лорияны біраз қыспаққа алып, бірнеше мәрте қауіпті сәттер туындатқан еді. Айта кетерлігі, атыраулық Пшемыслав Трытко соққан бір голды төрешілер байқамай қалған болатын. Алдағы уақытта мұның жай-жапсары тексеріле жатар.
«Ақтөбе» - «Астана» 0:1 (0:0)
Гол: Максимович 83 (0:1)
Бұл кездесуде ақтөбеліктердің дәл осы маусымда бейімделіп алған қулығы - пенальти белгілеу болмай қалды. Әр кездесу сайын 11 метрлік айып добын соғу мүмкіншілігін алудың жақсы әдісін меңгеріп, дағдыға айналғандырған бұл команданың үздік әртістері Никита Бочаров пен Кирилл Шестаков қанша тырысса да төрешілер оларға мұндай басымдық бере қойған жоқ. Нәтижесінде 83 минуттағы Неманья Максиовичтің жалғыз голы астаналықтарға жеңіс сыйлады.