ФУТБОЛ: Қазақстан-Тәжікстан жолдастық кездесу есебі - 2:1

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасы 2016 жылы болатын Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарына дайындық аясында Тәжікстан ұлттық құрама командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Алматының Орталық стадионында өткен жолдастық кездесуге жанкүйерлер көп жиналды.

Ойынның алғашқы минуттары тәжікстандық футболшылардың басымдығымен өтті. Дегенмен, көп ұзамай отандастарымыз ойын тізгінін өз қолдарына алды. Бірнеше рет қауіпті сәт тудырғанымен Тәжікстан құрама командасының тәжірибелі қақпашысы Әлишер Тойчиев қырағылық таныта білді. Алайда ойынның 36-шы минутында жартылай шабуылшы Бауыржан Исламхан есеп ашып, жанкүйерлердің мерейін үстем етті.

Бірінші таймда басқа гол соғылған жоқ. Екінші таймда ойынның 56-шы минутында кезекті қарымта шабуыл барысында тәжікстандық жартылай қорғаушы Фархад Тохиров есепті теңестіріп кетті. Осыдан кейін ойын шиеленісе түсті. Қазақстандық футболшылар үстін-үстін шабуылдаумен болды. Ойынның 63-ші минутында Ұлан Қонысбаев екінші допты соғып, Қазақстан құрама командасын алға шығарды. Отандастарымыз екінші таймда да есепті ұлғайтуға тағы бірнеше мүмкіндікке ие болса да, допты қақпаға бағыттар сәтке келгенде мүлт кетіп жатты. Осылайша, ойын 2:1 есебімен аяқталды. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан мен Тәжікстан ұлттық құрама командалары бұған дейін үш рет кездескен болатын. Екі ретінде қазақстандықтар жеңіске жетіп, бір ойын тең аяқталды. Енді міне, төртінші кездесу де қазақстандық футболшылардың пайдасына шешілді.

Соңғы жаңалықтар