Футбол: Қазақстан тұңғыш рет Гранаткин мемориалының жартылай финалында
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан бозбалалары тұңғыш рет ХХІХ "Гранаткин мемориалы" халықаралық турнирінің жартылай финалына шықты.
Олар ширек финалда Словения жеткіншектерін тізе бүктірді. Матч 16 қаңтар күні Санкт-Петербургте өтті.
Ойын өте тартысты болды. Александр Кузнецовтің шәкірттері тағы да қорғанысты мұқият ойнап, қарсы шабуылдарға иек артты. Алда - әдеттегідей, жалғыз Еркебұлан Сейдахмет. Ойын басталған бетте гол соғып, Словения жеткіншектерін сең соққандай күйге түсірді. Мұхит Жақсылық оң қапталмен алға ентелеп, қарсыластарының қорғанысын бұзып-жарып, допты қақпаға қарай асырды. Ал Жанәлі Пайруз қақпашының екі қолының ортасынан допты басымен қағып жіберіп, тор ішінде тулатты.
Бұдан кейін біздің футболшылар доп жіберіп алмауға тырысып, қорғаныста өте сақ ойнады. Тізе қоса қимылдап, Словения жеткіншектерінің бірнеше шабуылдарын тойтарды.
Қақпашы Даниил Устименконы да айрықша атап өтуіміз керек. Ол Словения жеткіншектерінің бірнеше қауіпті соққыларына тосқауыл бола білді. Қағып та алды, кері тойтарып та отырды. Ең бастысы, қарсы шабуылдарымен еуропалықтардың қорғанысын піспектеп, тайлы-таяғымен алға қарай лап қоюларына мүмкіндік берген жоқ. Олардың қорғаушылары ұстараның жүзіндей лыпылдаған біздің футболшыларымыздан көз жазып қалмауға тырысып, шабуылшыларына көп көмек көрсете алмады.
Екінші таймда, өте жылдам ұйымдастырған осындай қарсы шабуылдарымыздың бірінде Словения қорғаушысы айып алаңына еніп бара жатқан біздің ойыншымызды іліп қалғандай болды. Төреші сенімді түрде 11-метрлік айып соққысы орындалатын нүктені нұсқады. Ал пенальтиді осы матчқа капитандық таспамен шыққан Айдос Орал мүлтіксіз орындады. Есеп - 2:0.
Бұдан кейін Словения таланттары қарқындарын үдетіп, шабуылға көшті. Соңғы секундарға дейін тізгіндерін тартпай, айылдарын жимай алға ентелеумен болды. Бірақ біздің қорғаушыларымыз да, қақпашымыз да бұл ойында ешқандай да өрескел қателік жіберген жоқ. Жеңісті уыстарынан шығарған жоқ.
Сөйтіп, осы турнирдің тарихында тұңғыш рет жартылай финалға шықты. Олар енді 18 қаңтар күні Грекия бозбалаларымен кездеседі.
Дереккөз: Астана футбол федерациясы