ФУТБОЛ: Қазақстандық төрешілер алғаш рет Еуропа Лигасының топтық кезеңінде қазылық етеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық футбол төрешілері алғаш рет Еуропа Лигасы топтық кезеңінде төрешілік қызмет етеді, деп хабарлады Vesti.kz.
Бас төреші ретінде қарағандылық Артем Кучин шақырылды. Ол премьер-лига матчтарында 2008 жылдан бастап жұмыс істеп келеді, бүгінге дейін 71 ойынға төрешілік еткен. Сондай-ақ, 34 халықаралық матчқа, Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының біліктілік кезеңдерінде төрелік еткен.
Төрешілердің толық құрамы: бас төреші - Артем Кучин, ассистенттер - Евгений Бельский, Анатолий Ходин; резервтік төреші - Сергей Васютин, қосымша ассистенттер: Александр Гаузер, Денис Измайлов.
Қазақстандық төрешілер 18 қыркүйекте Еуропа Лигасының топтық кезеңіндегі швейцариялық «Янг Бойз» бен братиславалық «Слован» арасында өтетін ойынға қазылық етеді.