Футбол: Қазақстанның әйелдер құрамасы Швейцариямен ойнайды

АСТАНА. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Футболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы 2011 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында ертең, маусымның 23-і күні Швейцария құрамасын қабылдайды.

Футбол: Қазақстанның әйелдер құрамасы Швейцариямен ойнайды

Бұл біздің команданың іріктеу турнирі аясындағы алтыншы кездесуі болмақ. Айта кетейік, әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында жерлестеріміз Ресей, Ирландия, Швейцария және Израиль құрамаларымен бірге 6-шы топта өнер көрсетуде. Өкінішке қарай, жерлестеріміз бұған дейін өткізген бес матчтың барлығында жеңіліп қалды. Атап айтқанда, олар бірінші ойынын 2009 жылғы қыркүйектің 24-де сырт алаңда Ирландия құрамасымен өткізіп, 1:2 есебімен ұтылды. Ал, қазанның 24-де өткен екінші кездесуінде сырт алаңда Израильге 1:0 есебімен жол берді. Қазанның 29-да болған үшінші ойынында өз алаңында Ирландияны қабылдап, тағы да ұтылып қалды. Есеп 1:2. Ал, өз алаңында 2010 жылғы наурыздың 28-де өткен төртінші кездесуде Ресейден 0:6 есебімен ойсырай ұтылды. Ал, жақында ғана, яғни маусымның 19-да Астанада өткен бесінші кездесуде Израильден 0:1 есебімен жеңілді. Сөйтіп, 5 ойында әлі бірде-бір ұпай жинамаған біздің команда өз тобында соңғы орында келеді.