Футбол: Қазақстанның ұлттық құрамасы сырт алаңда Украинаға 1:2 есебімен ұтылды

АЛМАТЫ. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 2010 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кезекті кездесуін кеше Қазақстан құрамасы сырт алаңда Украина футболшыларымен өткізіп 1:2 есебімен ұтылып қалды,

Футбол: Қазақстанның ұлттық құрамасы сырт алаңда Украинаға 1:2 есебімен ұтылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бернд Шторк жаттықтыратын қазақстандықтар Киевке маусымның 9-ы күні аттанған болатын. Валерий Лобановский атындағы «Динамо» стадионында өткен аса жауапты бұл кездесуде ойынның 18-ші минутында есеп ашылды. Қарсыластар қақпасына бұл допты Шымкенттің «Ордабасы» командасының шабуылшысы Таңат Нөсербаев баспен соғып кіргізді. Алайда, бірінші таймның 32-ші минутында Таңат ойын тәртібін бұзып, ескерту қағазын алды. Оның командалас серігі Александр Мокин қорғаған қақпаға 25 метрдей жерден төреші айып добын белгілеп, оны украиндықтар сәтті пайдаланып есепті теңестірді. Алаң иелері үзілістен кейін іле-шала есепті 2:1-ге жеткізді. Қазақстандықтар қақпасына соғылған екі доптың да авторы Сергей Назаренко болды. Бас бапкер Таңат Нөсербаевтың орнына алаңға Андрей Травинді шығарды. Алайда, бұдан кейін екі жақтың да есепті одан ары ұлғайтуға бірнеше мүмкіндіктері болғанмен, оны ешқайсысы пайдалана алмады. Төреші ойынның негізгі уақытына қосымша 3 минут қосқан еді, жерлестеріміз екі рет бұрыштама добын соққанымен одан еш нәтиже шығара алмады.