18:49, 02 Наурыз 2009 | GMT +5
Футбол: Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Еуропа чемпионаты элиталы кезеңінің жарысына қатысу үшін Испанияға аттанады
АСТАНА. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін түнде футболдан 17 жасқа дейінгі Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Испанияға ұшып шығады.
Біздің команда наурыздың 12-сі мен 17-сі күндері осы елде өтетін жасөспірімдер құрамалары арасындағы 2008/2009 жылғы Еуропа чемпионатының элиталы кезеңінің 2-ші тобының матчтарына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, наурыздың 3-і мен 10 ы аралығында Испанияда командалар дайындықтың соңғы кезеңінен өтеді. Біздің команда Чехия, Испания, Бельгия құрамаларына қарсылас атанып отыр. Жарыс күнтізбесіне сәйкес жерлестеріміз бірінші матчын наурыздың 12-де Чехиямен, 14-де Испаниямен, 17-де Бельгиямен өткізеді. Біздің құраманың барлық ойындары Ла Нунсия қаласында болады. Элиталы кезеңде 7 топқа төрт-төрттен бөлінген 28 команда қатысады. Топтан бірінші орын алған құрама финалдық кезеңге жолдама алады.