Футбол: кезекті турда «Ақжайық» Алматының «Қайратын» қабылдайды

Матч «Ақжайық» футбол клубының стадионында өтеді. Биылғы біріншіліктегі көш бастаушы командалардың бірі «Ақжайық» үшін соңғы ойындар сәтті бола қойған жоқ. Алдымен тоғызыншы турда Шымкентте Дәуренбек Тәжімбетовтің қос добы «Ордабасыға» жеңіс әкелсе, оныншы турда Қарағандыда «Шахтермен» өткен ойында Жамбыл Көкеев дәл осындай нәтижеге қол жеткізді. Бұл ойында «Ақжайықтағы» беларусь легионері Игорь Зенькович 3-минутта биылғы маусымдағы бесінші добын соғып, есеп ашқанымен, матчтың қалған бөлігінде «Шахтер» айқын басымдылық көрсетіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Оныншы турдан кейін Қостанайдың «Тобылы» 23 ұпаймен қара үзіп шықса, одан кейінгі «Шахтер», «Ақжайық» және «Тараздың» қоржындарында 19-дан ұпайлары бар.
16 мамыр күні Ақтауда жергілікті «Каспиймен» Қазақстан кубогі үшін сынға түсетін «Ақжайыққа» алдағы жексенбіде турнир кестесінде 9-орында келе жатқан Дмитрий Огайдың шәкірттерін қалайда ұтуы керек. Әйтпесе жағдайы қиындап кетеді. Өйткені бірінші айналымның қалған екі кездесуі «Ақжайыққа» оңай соқпайды. 27 мамыр күні оралдықтар Павлодарда мықты командалардың бірі «Ертіспен» күш сынасса, 16 маусым күні Ақ Жайық футболының түлегі Нұрбол Жұмасқалиев бастаған «Тобыл» ойыншыларын қабылдайды.