Футбол: «Оқжетпес» Оралда ойсырай жеңілгеннен кейін премьер-лига жолдамасы үшін бәсеке шиеленісе түсті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бірінші лига командалары арасында футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті турындағы орталық кездесуде Оралдың «Ақжайығы» Көкшетаудың «Оқжетпесін» ойсырата ұтты.
Алаң иелері бірінші лигада көш бастап келе жатқан команданың қақпасына екінші таймда төрт бірдей гол тоғытты. Әуелі словениялық легионер Борут Семлер биылғы маусымдағы тоғызыншы добын соқты. Содан кейін көп ұзамай «Ақжайық» он минуттың ішінде «Оқжетпестің» қақпасына үш гол енгізіп, есепті 4:0-ге жеткізді. Команданың жас шабуылшысы Иван Антипов, сондай-ақ босниялық Махир Карич, тәжірибелі қорғаушы Бауыржан Омаров мергендігімен көзге түсіп, стадион толы жанкүйерді қуантты.
Осы турдан кейін «Оқжетпес» 55 ұпаймен бұрынғыша бірінші орында тұрса, премьер-лига жолдамасынан қалған үміткерлер де оны өкшелеп келеді.
«Қыран» 54 ұпаймен екінші, Ақтаудың «Каспийі» мен «Ақжайық» (51 ұпай) үшінші-төртінші орында келе жатса, елорданың «Астана-1964» командасы (49 ұпай) да әлі үмітін үзе қойған жоқ. 25 қазанда өтетін келесі турда Көкшеде «Оқжетпес» пен «Қыранның», Өскеменде «Восток» пен «Ақжайықтың», Екібастұзда жергілікті команда мен «Каспийдің» кездесулері тартысты болмақ. Бірінші лига командалары арасындағы чемпионаттың аяқталуына үш-ақ тур ғана қалды.