Футбол: «Ордабасының» жасөспірімдер командасы алтын медаль жеңіп алды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командаларының орталықтары мен академиялары арасында ел чемпионаты аяқталды. 16 жасқа дейінгі командалар бақ сынаған жарыста Шымкенттің «Ордабасы» командасы барлық қарсыластарын қапы қалдырып, алтын  медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

16  команда қатысқан ел чемпионатында барлық қарсыластан басым түскен «Ордабасы»  командасы ақтық сында Астана футболшыларын 3-2 есебімен тізе бүктірді. Жеңімпаз команданы білікті маман Мадияр Кембилов баптады. Жыл қорытындысы бойынша құрамадағы ойыншы Құрбан Байшық пен қақпашы Қалтөре Ғазиз «Ең үздік ойыншы» атанды.

Сонымен қатар, орталық қорғаушы Ерік Жарылқасын мен қорғаныс арқылы шабуылға бастайтын 11-сынып оқушысы Ерболат Орынбек арнайы жүлделермен марапатталды.

Жеңімпаз атанған команда мүшелерін «Ордабасы» командасының ойыншылары Самат Смақов пен Қайрат Әшірбеков арнайы құттықтады. «Ордабасының» «Оқжетпеспен» болған ойыны кезінде ел чемпиондарына жеңіс кубогі табыс етілді. Оны Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілда Байшақов пен клубтың жасөспірімдер орталығының жетекшісі Әбихан Әшірбеков тапсырды. Енді аталған команда «Ордабасы» футбол клубының президенті Бақтияр Байсейтовтың ұйғарымымен оқу-жаттығу жиынын Түркияда өткізетін болады.

Спортшылар осылайша чемпион тұғырынан түспеу үшін жан-жақты дайындықтар жүргізуді жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар
telegram