Футбол: Ресей ЕУРО-2016 турнирінде Англиямен тең түсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияда футболдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Ресей мен Англия құрамалары тең тарқасты.

Марсельде өткен матч 1:1 есебімен аяқталды.

Бірінші таймда Англия футболшыларының белсенділігі басым болды. Адам Лаллана, Крис Смоллинг, Харри Кейн, Уэйн Руни ресейлік қақпашы Игорь Акинфеевке біраз тер төккізді.

70-минуттан кейін ағылшындар қысымды одан әрі күшейтіп, ресейліктерді біраз шегінуге мәжбүрледі. Ойынның 74-минутында Англия құрамасы сапынан Эрик Дайер айып соққысын орындау барысында есеп ашты. Кездесудің 82-минутында ағылшындар тағы бір гол салған болатын, алайда Стерлинг шабуыл барысында оффсайдқа түсіп қалды. Ресей командасы соңына дейін арпалысты және бұл ісі нәтиже берді. Кездесудің соңғы секундтары қалғанда (93-минут) Денис Глушаков бұрыштамадан әуелете берілген допты баспен қақпаға дәл бағыттай алды.

Айта кетейік, футболдан Еуропа чемпионаты Францияда өтуде. Біріншіліктің аясы биылдан бастап кеңейіп, құрлықтық додада 16 құрама емес, 24 команда ойнайтын болады. Футболсүйер қауым «кәрі құрлықтың» ең мықты құрамаларының қатысуымен 51 матч тамашалай алады.

Еуропа біріншілігі Францияның он қаласында 10 маусым мен 10 шілде күндері аралығында өтеді.

Барлық матчтар «Қазақстан» мен «Қазспорт» телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар
telegram