14:44, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Футбол: Сәтбаевтың «Қазақмыс» клубы Премьер-лигаға қатыспайтын болды
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Сәтбаев қаласының «Қазақмыс» командасы биылғы жылғы футболдан Қазақстан чемпионатына қатыспайды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Наурыздың 2-де Қазақстан футбол федерациясына (ҚФФ) «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Э. В. Огайдан хат келді. Онда «Қазақмыс» футбол клубының құрылтайшысы болып табылатын «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің басшылығы Премьер-лигаға қатысудан бас тарту туралы шешім қабылдағанын хабарлаған. Хатқа сәйкес, мұндай шешімді қабылдауға «әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарысқа және әлемдік рынокта мыс бағасының күрт төмендеуіне байланысты қалыптасқан нақты экономикалық ахуал түрткі болған». Бұлар «Қазақмыс» корпорациясының барлық шығындарын оңтайландыруға мәжбүрлеген», делінген ҚФФ баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында. Баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, ҚФФ-ның вице-президенті, Ұлттық футбол лигасының директоры Сейілдә Байшақов жазылған күні ақпанның 17-сі деп көрсетілгенімен, белгісіз себептермен хат Федерацияға наурыздың 2-де келіп түскенін мәлімдеген. «Чемпионат наурыздың 7-де басталады. Бізде алмастыратын команданы іздеуге немесе қандай да бір шешімдерді қабылдауға уақыт жоқ. Осылайша биылғы жылы Премьер-лигаға 13 клуб қатысатын болады», деген өз сөзінде С. Байшақов. Айта кетейік, футболдан 2009 жылғы Қазақстан чемпионатына Ақтөбенің, «Ақтөбе», Қостанайдың «Тобыл», Павлодардың «Ертіс», Қызылорданың «Қайсар», Астананың «Локомотив», Талдықорғанның «Жетісу», Қарағандының «Шахтер», Көкшетаудың «Оқжетпес», Шымкенттің «Ордабасы», Петропавлдың «Қызылжар», Атыраудың «Атырау», Өскеменің «Восток», Тараздың «Тараз» командалары қатысатын болады.