Футбол: «Шахтер» мен «Ақтөбе» арасындағы 17-інші турдағы ойын кейінге шегерілді
АСТАНА. Шілденің 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Футболдан ел біріншілігінің 17-інші турындағы «Шахтер» мен «Ақтөбе» арасындағы ойын кейінге шегерілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақтөбе» футбол клубының 2009/2010 жылдардағы Еуропа чемпиондары лигасының іріктеу турниріне қатысуына байланысты, Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің 17-інші турындағы «Шахтер» мен «Ақтөбе» арасындағы тамыздың 1-інде болуы тиіс кездесу біршама кейін мерзімге шегерілді», делінген Қазақстан футбол федерациясының таратқан хабарламасында.
Еске сала кетсек, футболдан өткен маусымдағы ел біріншілігінің жеңімпазы «Ақтөбе» 2009/2010 жылдардағы Еуропа чемпиондары лигасының үшінші кезеңіне шыққан болатын. Екінші іріктеу кезеңіндегі «Ақтөбе» қос кездесудің қорытындысы бойынша Исландия чемпионы - «Хафнарфьордюр» командасынан басым түсті. Сырт алаңда өткен кездесуде 4:0 есебімен жеңіске жеткен ақтөбеліктер, қарымта ойында өз алаңында қарсыласын 2:0 есебімен ұтты. Енді үшінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбе» Израильдің «Маккаби» (Хайфе) клубымен кездеседі. Бірінші ойын шілденің 28-інде Ақтөбеде, қарымта ойын тамыздың 5-інде Хайфеде өтеді.