Футбол спорты ел аймақтарында да жақсы дамып келеді - Әділбек Жақсыбеков

sp;АСТАНА. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Биыл Қазақстан футболында көңіл толтырарлықтай біршама жетістіктер болды.

Футбол спорты ел аймақтарында да жақсы дамып келеді - Әділбек Жақсыбеков

Естеріңізде болса, ағымдағы жылғы Мәскеуде өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымының кубогі үшін болған жарыста қазақстандықтар жақсы өнер көрсетті. Қазақстанның мұндай байрақты бәсекеде ақтық сында өнер көрсетуінің өзі мақтанарлық жетістік. Оны сарапшылар да, футбол мамандары да мойындап отыр. Осы тұрғыдан алғанда еліміздің футболының болашағы бар деп толық сеніммен айта аламын», деді Қазақстан футбол федерациясының президенті, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков. Бұл туралы ол  кеше «Астана-арена» стадионында өткен Қазақстан кубогінің финалдық ойындары алдында журналистермен болған брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның айтуынша, Қазақстан кубогында қазір бұрын-соңды үлкен жарыстарға шығып көрмеген командалар қатысуда. Осының өзі елде футболға деген қызығушылықтың біршама арта түскендігін көрсетеді. Яғни, футбол қазір  аймақтарда да ерекше ықыласқа ие болып, оған қолдау көрсетілуде. Нәтижесінде  республикалық бескелерде өнер көрсете алатын жастар шыға бастады. Олар жарыстарда сапалы да әдемі ойын өрнегін көрсетіп жүр. «Солардың ішінде болашағынан зор үміт күттіретіні - «Локомотив-Астана» командасы. Әрине олардың қаржылық мүмкіндіктері мол болғандықтан   сырттан үздік ойыншыларды сатып алу арқылы болса да, биылғы жылдың футбол науқанында жақсы өнер көрсетті. Ал қарағандылық «Шахтер» жергілікті ойыншыларға бәс тікті және олардың бұл шаралары нәтижелі болды. Атыраулықтардың да ойындары көңіл қуантады», деді федерация президенті.