Футбол: Стойлов шотландиялық «Селтикті» қалай жеңуге болатынын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» ФК бас бапкері Станимир Стойлов Чемпиондар лигасының біліктілік кезеңінде шотландиялық «Селтик» командасын қалай жеңуге болатынын айтып берді.

Футбол: Стойлов шотландиялық «Селтикті» қалай жеңуге болатынын айтты

Станимир Стойлов бапкерлік құпияларын «Селтик» клубына қарсы болатын ойынның алдында «Астана Арена» стадионында өткен баспасөз мәслихатында жайып салды.

«Жеңіс үшін бізге рухты жүрек пен салқынқанды бас керек», - деді С.Стойлов тілшілерге берген жауабында. Сонымен қатар бас бапкер бұл ойында «Астана» командасына сәттілік артық болмайтындығын атап өтті.

«Жанкүйерлер стадионда бізге қызу қолдау жасайды деп үміттенеміз, бұл біздің командаға қосымша күш береді», - деді «Астана» бапкері.

Оның сөзі бойынша, ертеңгі матчқа команда капитаны Таңат Нөсербаев қатыспайды. Дегенмен «Жальгириске» қарсы болған ойында алаңға шыға алмаған Азат Нұрғалиев көмекке келеді.

Еске сала кетейік, «Астана» ФК Чемпиондар лигасының үшінші біліктілік турында шотландиялық «Селтик» командасына қарсы өткізеді. Командалар «Астана-Арена» стадионында жергілікті уақытпен 20:00-де кездеседі. Тікелей эфирде матчты Kazsport телеарнасы көрсетеді. Қарымта кездесу Глазгода 3 тамызда өтпек.