Футбол: Тараздық 17 жасар ойыншы премьер-лигадағы алғашқы голын соқты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасында 16-турдың нәтижелері толық белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Футбол: Тараздық 17 жасар ойыншы премьер-лигадағы алғашқы голын соқты

Оралдың «Ақжайығы» сырт алаңда Көкшетаудың «Оқжетпесімен» кездесті. Астанадағы «Тарлан Арена» стадионында өткен кездесудің бірінші таймында қазіргі кезде Виктор Пасулько жаттықтыратын алаң иелері өз мүмкіндіктерін құр жіберген жоқ. 27-минутта Александр Марочкин баспен қақпа бұрышын дәл көздесе, 36-минутта ресейлік легионер Александр Козлов әбжілдік танытты. Бұл екі сәтте де Тимур Досмағамбетов бұрыштамадан допты дәл бере білді.

Екінші тайм «Ақжайық» ойыншыларының басымдығымен өтті. 57-минутта айып алаңында доп «Оқжетпес» қорғаушысының қолына тиіп, 11 метрлік пенальти белгіленді. Оны нигериялық Изу Азука дәл орындап, есепті қысқартты. Бұдан кейін де Вахид Масудов шәкірттерінің таразы басын теңестіретін мүмкіндіктері болды. Тіпті «Оқжетпестің» қорғаушысы Олег Недашковский екінші ескерту алып, алаңнан қуылды. Бірақ көкшеліктер 2:1 есебін сақтап қала алды.

«Мұндай ыстықта ойнау қиынға соқты. Өкінішке қарай, ұзын бойлы бірнеше ойыншымыз болса да, біз стандартты жағдайда екі гол өткізіп алдық. Мен Марочкин гол соққан кезде тәртіп бұзылды деп есептеймін, ол Говедарицаға асылып тұрып, допты қақпаға бағыттады. Екінші таймда команда тезірек қимылдап, жақсы ойнады. Есепті теңестіруге сәл сәттілік жетіспеді», деді матчтан соң В.Масудов.

Сөйтіп біріншілік барысында бес рет қатарынан жеңілген «Ақжайық» турнир кестесінде оныншы орынға сырғыды. 25 маусым күні оралдықтар «Тараз» командасын қабылдайды. Бұл турда тараздықтар күтпеген жерден біріншілік көшбасшыларының бірі Павлодардың «Ертісін» 2:0 есебімен жеңіп кетті. Осы ойында 17 жасар тараздық талант Еркебұлан Сейдахмет әуелі бірінші голдың авторы Бақтияр Зайнутдиновке дәл пас берсе, кейін өзі қақпаға жекедара шығып, премьер-лигадағы алғашқы добын соқты.

Ақтөбеде жергілікті команданы 4:2 есебімен жерге қаратқан «Астана» 39 ұпаймен бұрынғыша көш бастап келеді. Өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» 2:0 есебімен ұтқан Алматының «Қайраты» (37 ұпай) екінші, Қызылордада «Қайсарды» 1:0 есебімен тізе бүктірген «Ордабасы» (Шымкент) 35 ұпаймен үшінші орында тұр. Медаль үшін талас өзгелерден біршама қара үзіп кеткен осы үш команданың арасында өтетін сыңайлы. Өйткені төртінші сатыдағы «Ертістің» небәрі 28 ұпайы бар.

Айта кетейік, қазіргі кезде премьер-лига командалары өз қатарын нығайтуға мүмкіндік алды. «Ақжайық» құрамында да өзгеріс бар. Командадан Орал футболының тағы бір түлегі Бауыржан Омаров пен Эдуард Сергиенко басқа клубтарға кетті.