Футбол: «Тобыл» Талдықорғанда жеңді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан Премьер-Лигасының 1-турында «Тобыл» Талдықорғанның «Жетісу» клубын ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тобыл» аяқдопшылары кездесуді жылдам қарымта шабуылмен бастады. Команда капитаны Азат Нұрғалиев пен Жасұлан Молдақараев «Жетісу» қақпасына екі-үш мәрте соққы бағыттады. Кезекті қарымта шабуылда есеп ашылды. Алаң ортасынан пас алған Бауыржан Тұрысбек сол жақ бұрышқа шірене тартты. 0:1! Осылайша, қостанайлықтардың 2018 жылғы футбол маусымының авторы белгілі болды.
Аслан Дарабаевтың шығуымен қостанайлықтар да жылдам шабуылдарға иек артты. Алдымен, Ника Квеквескири, мұнан соң Максим Федин соққы жасап көрді. Бірақ, оларға дәлдік жетіспеді. Матч соңына таман «Жетісу» шабуылшысы Сабырхан Ибраев есеп теңестіретін сәтті пайдалана алмады. Ол қорғаушы Оганесян көтерген допты қиыс ұрды.
Тоқсан минут та түгесілді. «Тобыл» 1-турда жеңіске жетті.
Айта кетерлігі, бүгін еліміздің алты қаласында Қазақстан футбол чемпионатының бірінші тур ойындары өтті. «Ордабасы» Шымкентте Қарағандының «Шахтерімен» күш сынасты. «Қайсар» өз алаңында «Ақтөбемен» ойнады. «Ертіс» болса «Атыраумен» кездесті. Еліміздің бірнеше дүркін чемпиондары саналатын «Астана» Оралдың «Ақжайығын» қабылдады.
Фото: sports.kz